Мысыр жағалауында су астынан Афродита ғибадатханасы табылды

Археологтар Мысырдың Александрия жағалауынан су астынан ежелгі грек құдай Афродитаның ғибадатханасын тапты, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі елдің туризм және көне заман министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мысырлық-француздық археологтар тобы су астынан біздің заманымызға дейінгі V ғасырда салынған Афродита құдайдың ғибадатханасын анықтады", - делінген ведомство хабарламасында.

Қазба жұмыстары Александрия қаласына жақын маңдағы Әбу-Кир бұғасында су астында қалған Гераклион көне қаласында жүргізілген.

Мысырдың Көне заман жоғарғы кеңесінің бас хатшысы Мұстафа Вазиридің айтуынша, археологиялық миссия барысында ғалымдар ғибадтхана ішінен Грекиядан жеткізілген қоладан және керамикадан жасалған заттарды тапқан.

Ғалымдардың айтуынша, Гераклион қаласы шамамен біздің заманамызға дейін VIII ғасырда Жерорта теңізінің жағалауында салынған. Бұл Ежелгі Мысырдың біздің заманымызға дейін 331 жылы Александрия салынғанға дейін ірі сауда орталығы әрі портты қаласы болған. Ол шамамен 1200 жыл бұрын су астына кеткен, қазіргі уақытта қаланың қалдықтары әр түрлі тереңдікте жатыр, тіпті 45 метрге дейін барады. Археологтар бұл қаланы 2000 жылдары тапты және ежелгі мегаполистің суасты музейі болуға әбден лайықты деп санайды.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!