Мысыр елінде "екінші Шарм-эль-Шейх" пайда болады

Жерорта теңізінде Рас-эль-Хикма қаласының маңында жаңа курортты аймақ құрылады. Дәл қазір Мысырда осы жаңалық қызу талқыланып жатыр, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Бұл туралы жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасай отырып "Интерфакс-Туризм" порталы мәлім етті.

Курортты аймақ Мысырдың солтүстік-батысында Матрух провинциясында орналасқан. Аппақ құм, мөп-мөлдір теңіз суымен көзге түскен мекен әлемдегі ең әдемі және таза жерлердің бірі саналады.

Жергілікті билік БАӘ кәсіпкерлерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Осы келісім аясында курортты аймақты жасақтау үшін шамамен 200 шаршы шақырым жер бөлінеді. Оның құны 22 миллиард доллар шамасында болады деп жоспарланған. Алайда, келісім туралы ресми ақпарат әлі берілмеді.

Мысыр билігі осы мәміленің арқасында экономикалық дағдарысты еңсеріп, елге валюта тартуды көздейді. Себебі өткен жылы Мысырдағы инфляция 40%-ды құрады.

Алайда елдегі оппозиция келісімге қарсылық танытты. Олар мұндай жобаларды ұлттық компаниялар жүзеге асыруы керек екенін атап өтті.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!