Мыңнан аса турист тау-шаңғы курортында қалып қойған

Алтайдың тау-шаңғы курортында 1 мыңнан аса турист әлемнен жырақтап қалды. Өңірдегі ауқымды қар көшкінен жолдар толығымен жабылды. Ал курортта қалып қойған туристер тікұшақ арқылы эвакуацияланды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Қытайлық БАҚ хабарлауынша, оқыс жағдай Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі шекараға жақын Алтай тау-шаңғы курортында болған. Жергілікті жолдар басқармасы тау баурайындағы Хему ауылында болған қар көшкіні 350 шақырым жолды басып қалғанын мәлімдеді. Сенбідегі жағдай бойынша өңірде кем дегенде 31 қар көшкіні тіркелген.

Бұл ретте жолдарды тазарту жұмыстары қиынға соқты. Себебі Хему ауылына апаратын жолдар орманды беткейлері бар алқапта орналасқан. Салдарынан зардап шеккендер әскери тікұшақ арқылы эвакуацияланса, азық-түлік пен жанармай тәрізді заттар ұшақпен жеткізілді. Арнайы техника курортқа тек сейсенбі күні кешке ғана жетті.

Қазір ауа райының қолайсыздығына байланысты курорттың жұмысы 20 қаңтарға дейін тоқтатылады.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!