Миллиардерлер мен атақты адамдардың ең қмбат яхталары

Британиялық Sun таблойды миллиарделер мен атақты адамдардың ең қымбат яхталарының тізімін жариялады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

The Rising Sun атты яхта америкалық продюсер әрі бизнесмен Дэвид Геффенге тиесілі. Ол әлемде ең қымбат саналады. 2010 жылы продюсер оны 200 миллион долларға алған, қазір оның құны 590 миллионға көтерілді. Оның ұзындығы 139 метр және сағатына 34 миль жылдамдықпен жүзеді. Бортында 82 каюта бар, ішіне 18 қонақ пен экипаждың 55 мүшесі орналаса алады. Яхтада баскетбол алаңы, шарап сақтайтын жертөле, кинотеатр, тік үшақ қонатын алаң, спа және бассейн бар.

Америкалық бизнесмен Джефф Безостың иелігіндегі Koru яхтасы екінші орында. Оның құны 500 миллион доллар екен. Ол әлемдегі желкенді яхталардың ішіндегі ең үлкені және бизнесмен оны өзі үшін арнайы жасатыпты. Онда 18 адам қонақ бола алады, бортында бассейн, тік ұшақ қонатын алаң, джакузи және жылдам жүретін катер бар. Кей сыбыстар бойынша - тіпті су асты қайығы да бар көрінеді.

Әлемде ең қымбат яхталар арасында үшінші тұрғаны Eos, оның иесі модельер Диана фон Фюрстенберг және оның ері Барри Диллер. Бизнесмен мен оның жұбайы яхтаны 2009 жылы 200 миллионға сатып алған. Ұзындығы 92 метр Eos сағатына 18 миль жылдамдықпен жүре алады, ал бортына 14 қонақ сияды.

Төртінші орында әйгілі Стив Джобстың жесірі Лорен Пауэллдің Venus яхтасы. Құны 120 миллион долларлық яхтаның бортына 12 қонақ және экипаждың 22 мүшесі сияды. Максималды жылдамдығы сағатына 18 миль.

Ең қымбат бестікке америкалық рэпер Шон Комбстың Maraya атты яхтасы кіріпті. Оны 10 жыл бұрын тағы бір яхтамен қосып әнші 65 миллион долларға алған екен. Оның ұзындығы 54 метр, ал бортында 12 қонақ сиятын алты каюта бар. Сонымен қоса, яхтада джакузи және жаттығу залы бар. Яхтаны аптасына 300 мың доллар төлеп жалға алуға да болады екен.

Тізімдегі яхталардың бірі әйгілі Джорджио Арманидің Main-ны. 65 метр ұзындықтағы яхтаның жобасын Арманидің өзі құрған. Оның құны 64 миллион доллар. Әнші Элтон Джон да өз жобасы бойынша яхта құратқан екен. Wabi Sabi атты бұл яхтаның құны 29,1 миллион доллар.

Amphitrite атты яхтаның да тарихы қызықты - оны әйгілі жазушы Джоан Роулинг белгілі актер Джонни Депптен 2016 жылы сатып алыпты. Қазір оның құны 22,9 миллион доллар тұрады екен.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!