Кубада қонақүй жарылысынан қаза тапқандар саны 44-ке жетті

Гавана қаласындағы Saratoga қонақүйінде болған жарылыстан қаза тапқандар саны 44-ке жетті, тағы 16 адам ауруханада жатыр, оның алтауы ауыр халде, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz порталы Куба денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"12 мамырдағы жағдай бойынша, 98 адам зардап шеккен, оның 16-сы ауруханаға жатқызылған, 38 адам ауруханадан шығарылды және 44 адам қайтыс болды", - делінген министрліктің Telegram-каналында. 

Ауыр халде жатқан алты адамның екеуі бала. Жалпы, кәмелетке толмаған төрт бала ауруханаға жатқызылған. 

Өткен аптада гаваналық Saratoga қонақүйінде таңғы уақытта жарылыс болды. Жарылыстың салдарынан қонақүй жанындағы 17 ғимарат зақымдалған, оның ішінде мектеп те бар. Жарылыс болжаммен газ толы цистернаның тұтануынан болған. Билік бұл жағдайды жазатайым оқиға деп атады.

Қонақүй XIX ғасырда салынған, 95 нөмірі бар. 1930 жылдары бұл Гаванадағы ең басты қонақүйлердің бірі болған. 2005 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген.