"Қозғалтқыш істен шықты". Ақтөбеде рейсейлік ұшақ апатты жағдайда қонды

Антальядан Екатеринбург қаласына ұшқан Red Wings әуекомпаниясының ұшағы апатты жағдайда Ақтөбе қаласына қонды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі E1 мәліметтеріне сілтеме жасап.

Басылымға рейстегі жолаушы сұхбат беріп, барлық адамды ұшақтан шығарып, кедендік бақылаудан өткізгенін айтқан.

"Техникалық ақау болғанын хабарлады, алайда ары қарай не болатыны туралы ешкім тіс жармады", - дейді жолаушы әйел.

Сонымен қатар, "Авиаторщина" Telegram-каналының мәліметінше, ұшақтың қозғалтқышы істен шыққан.

"Екатеринбургке ұшқан Red Wings әуекомпаниясының ұшағының қозғалтқышы істен шықты. Boeing 777 лайнері осы түнде (WZ-3072 рейсі) Антальядан ұшқан. Каспий теңізінің үстіне ұшып келе жатқанда, ұшқыштар оң жақ қозғалтқыштың істен шыққаны туралы айтқан және 250-эшелонға (7600 метр) дейін төмендеуді сұраған. Олар апатты жағдай сигналын бермеген. Шамамен бір жарым сағаттан соң олар Ақтөбе әуежайына сәтті қонған", - деп жазады канал авторлары.

Red Wings баспасөз қызметінің өкілдері, WZ-3072 рейсінің жолаушыларын Екатеринбургке қосымша ұшақпен алып кететіні туралы мәлімдеген.

"Резерв борты Ақтөбе әуежайына қонды, таяу уақытта отырғызу басталады. Ұшу Мәскеу уақыта бойынша 10:50-ге (Астана уақыты бойынша 13:50-ге) жоспарланған", - делінген хабарламада.

Tengritravel.kz редакциясы Қазақстан азаматты авиация комитетінің баспасөз қызметіне хабарласып, мән-жайды анықтады. Ведомство өкілдері Ақтөбе әуежайына хабарласуды өтінді. Сонымен Ақтөбе әуежайының өкілдері ұшақ бортында 419 жолаушы және 16 экипаж мүшесі болғанын айтты.

"18 қыркүйекте 05:27-де (Ақтөбе уақыты бойынша) Ақтөбе әуежайына Red Wings әуекомпаниясының Анталья - Екатеринбург бағытында ұшқан ұшағы апатты жағдайда Ақтөбе қаласына қонды. Ұшақтың қонуы штаттық режимде жүргізілді. Ұшақтың қонуына болжамды себебі, оң жақтағы қозғалтқыштағы ақау. Жолаушыларға ыстық тамақ, баласы барларға - ана мен бала бөлмесі ұсынылды. Әуежай әкімшілігі тарапынан қажетті көмек көрсетілді. 12:05-те Мәскеуден қосымша ұшақ ұшып келді. 13:30-да (Ақтөбе уақыты бойынша) Екатеринбурге ұшу жоспарланған", - деді әуежай өкілдері.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!