Коронавирустың жаңа штамы тағы бір елде анықталды

Оңтүстік Кореяда Ұлыбританиядан келген үш адамнан коронавирустың жаңа штамы анықталды. Бұл туралы  Кореяның ауруларды бақылау және алдын алу агенттігіндегілер (KDCA) мәлімдеді, - деп хабарлайды РИА Новости

Коронавирустың жаңа штамы анықталған науқастар Оңтүстік Кореяға 22 желтоқсанда келген. 

"Ұлыбританиядан 22 желтоқсанда келген жолаушылардың үшеуінен талдау алынды. Сол кезде генетикалық анализден коронавирустың ұлыбританиялық түрі табылды. Олар елге Лондонда тұратын отбасы ретінде кірген. Олар карантинге жатқызылды", - делінген KDCA хабарламасында.

Қазір дәрігерлер Ұлыбританиядан келген тағы бір отбасының анализдерін тексеріп жатыр. 

Оңтүстік Кореяда кейінгі тәулікте 808 адам коронавирус жұқтырған, ел бойынша науқастар саны 57 680-ге жетті.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбританияда SARS-CoV-2 коронавирусының жаңа штамы анықталғаны хабарланған болатын. 

ОАР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың генетиктер 501.V2 деп атаған жаңа түрін анықтағанын да жариялаған еді. Кейін коронавирустың жаңа штамы Нигерияда анықталды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!