Қонақүй тазалаушысының ұрлығы видеоға түсірілді

Бенидормдағы қонақүйде тазалықшы әйелдің қонақтардың бағалы заттарын ұрлап жатқанын жасырын камералар түсіріп алды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.

Ұрыны туристер ұстады. Ерлі-зайыпты Коннер қонақүйде демалып жатқанда, заттарының жоғын байқап, өз бетінше тергеу жүргізеді.

"Әйелім әуежайдан Gucci парфюмериясын жүз еуроға сатып алды, жоғалды. Демалысқа 400 темекі алып келдім, бірақ олар бір аптаның ішінде таусылды. Мен бірдеңе дұрыс емес деп күдіктендім. Сондай-ақ ұлымның алтын алқасы мен сақинасы жоғалып кетті. Кейінірек 385 еуро жетпей қалды" - деді Аластер Коннер.

Ерлі-зайыптылар бөлмесіне жасырын камералар орнатып, түсірілімді көріп шошып кетті.

"Тазалаушы әйел заттарымызды ақтарып жатты. Кадрларда оның сөмкені ақтарып, қалтасына бір нәрсені, шамасы темекі қорабын салып жатқанын көруге болады. Содан кейін ол тартпаны тінтіп, көкірекшесінің ішіне бір затты тығып қойды", - деді ерлі-зайыптылар.

Туристер видеожазбаны қонақүй басшылығына көрсетті, олар ұры қызметкерді жазалауға уәде берді. Сондай-ақ, қонақүй туристерге 750 еуро көлемінде шығынды өтеу туралы шешім қабылдады. Ұрланған заттар осылайша бағаланды. Алайда, отағасы толық өтемақы күтетінін айтты: ұрланған мүліктің сомасы және 5 500 мың фунт стерлинг (3,2 миллион теңгеден астам) тұратын үш адамға жол жүру құны.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!