Қазақтар Голливуд төрінде Наурыз мерекесін тойлады

ПОДЕЛИТЬСЯ

АҚШ-тың Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласында қазақтар Наурыз мерекесін тойлады. Kaz.tengritravel.kz порталына берген сұхбатында журналист Сандуғаш Сүндетбай мәдени шараның қалай өткені туралы толығырақ айтып берді. 


Иконка комментария блок соц сети

АҚШ-тың Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласында қазақтар Наурыз мерекесін тойлады. Kaz.tengritravel.kz порталына берген сұхбатында журналист Сандуғаш Сүндетбай мәдени шараның қалай өткені туралы толығырақ айтып берді. 

АҚШ жерінде коммерциялық емес California Qazaq Center қауымдастығы Наурыз тойын ұйымдастырды. Шараға 200-ге жуық адам қатысқан, олардың арасында танымал қазақстандық кәсіпқой боксшылар, өнерпаздар және білім алып жүрген жастар мен ұзақ жылдар бойы сонда америкалық болып кеткен қазақтар болған. 

"Әдетте жыл сайын осындағы қазақтар өздері саябаққа шығып, өз тамақтарын алып келіп, отандастарымен жиналып өткізетін болған, ал бұл жолы мұны таяуда ашылған California Qazaq Center ұйымы өз мойнына алып, концерттік бағдарламасымен, кең дастарқанымен әрлеп, ойын-сауығымен тартысты қылып өткізді. Шараға айтарлықтай көп адам қатысты, бір ауылдың адамындай көңілді өткіздік. Негізінен көпшілігі осы Лос-Анджелес қаласынан және оның маңындағы Сан-Диего, Сан-Франциско сынды қалалардан келген. Сондай-ақ, Нью-Йорктен және Майамиден келгендер де болды", - дейді Сандуғаш Сүндетбай.

Қызық дерек. 2020 жылы қазан айында Лос-Анджелестегі қазақ орталығы ашылды. Бұл ұйымның мақсаты - Америкаға білім алуға, жұмыс бабымен келген қазақтардың басын қосу. Ұзақ жылдар бойы осында өмір сүріп жатқан қазақ отбасыларының салт-дәстүрді, мәдениетін ұмытпасын деген ниетпен үйірмелер ашып, аптасына бір рет жиналып тұрады. "Отырар сазы" оркестрінде өнер көрсеткен Саят Ешматов пен Айдос Меңдалиев домбыра үйірмесін ашып, қазақ балаларын ұлттық аспабымызда ойнауды үйретеді. Танымал кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев бокс үйірмесін ашқан, ал оның жары Қарлығаш Шыныбаева осы орталықта қазақ тілінен сабақ береді. Орталықта жұмыс істейтіндердің барлығы ерікті түрде қызмет етеді, жалпы орталықты ашу идеясы төрт еріктінің бастамасымен құрылған.

Мадияр Әшкеевтің жары Қарлығаш Шыныбаева осы орталықта қазақ тілінен сабақ береді.

Мәдени шара арнайы сценаримен өрбіген.

Қыдыр ата жиналған жұртшылыққа ақ батасын берді.

Орталықтың президенті Раушан Мұхтар мен құрылтайшылардың бірі Аян Маликов алғы сөзді сөйлеп, саябаққа жиналған отандастарын мерекемен құттықтады. 

Мадияр Әшкеев бастаған кәсіпқой боксшылар Батыр Жүкенбаев, Мейірім Нұрсұлтанов, Абылайхан Хусаиновтар сөз сөйлеп, қуанышты бөлісуге келген жұртшылыққа алғыс білдірді. 

Өнерпаздар бар өнерін паш етті. Домбырамен күй шертіп, әншілер ән шырқап, жұртшылық би биледі. 

Айдос Меңдалиев пен Саят Ешматов 

Қазақтың ұлттық ойыны - арқан тартыста балалар бақ сынады.

Кір тасын көтеруден кіл мықтылар анықталды. 

"Күш атасын танымас" балуандарда ортаға шықты. 

Әр жарыстың жеңімпаздарына естелік сыйлықтар берілді. 

Ел намысын шетелде қорғап, көк туымызды желбіретіп жүрген былғары қолғап шеберлері жас жеткіншектерге бокстың бастапқы сабақтарын үйретті. 

Наурыз көжені Қарлығаш және Зәуре есімді екі келіншек бөліп алып, екі түрлі қылып әзірледі. Мерекені тойлауға қатысқан әр отбасы жарна төледі және өздерімен бірге тағам алып келді. Наурыз көжеден бөлек, екі үлкен қазанға палау дайындалды. Көптеген тәттілер, сусындар болды.

"Мұнда көпшілігі білім алу мақсатында, яғни "Болашақ" бағдарламасымен және тіл меңгеруге келеді, сондай-ақ жұмыс бабымен, әлемдік аренаны бағындырмақ ниетпен спортшылар және нәпақа табумен саяхаттауды бірге қосқан Work and Travel бағдарламасымен келгендер де бар. Белгілі бір мерзімге келіп, қалып қойғандар да бар. Бір қуанышты дүние айта кетейін, менің байқағаным мұндағы қазақ отбасыларында кем дегенде үш баладан бар. Балалы болу, қазақ санын көбейту осында қарқынды жүріп жатқандай", - дейді Сандуғаш.  

Сондай-ақ, Сандуғаш Сүндетбай Наурыз мерекесі неліктен сәуірде өткізілгенін түсіндірді. 

"Наурызда карантин шектеулеріне байланысты саябақтар жабық болды, яғни топтасып жиналуға болмайтын. Таяуда рұқсат берілді, сол себепті ұлттық мерекені кеш тойладық. Біз енді музыкалық аппараттарды қосып, думандатып жатқанымызда сол саябақтың тәртібіне қарайтын адамдар келіп ескерту жасады. Музыка дыбысын бәсеңдеттік, сонымен шешілді. Көңіл күйіміз көтеріңкі болды", - дейді сұхбаттасушы. 

Журналист өз отбасының АҚШ-қа қандай мақсатпен барғаны туралы айтты. 

"АҚШ-қа келгенімізге бір ай болды. Жолдасым "Болашақ" бағдарламасымен оқуға түсуі себеп болды. Қазіргі уақытта Данияр Сан-Диего қаласында тілдік курстан өтіп жатыр. АҚШ-қа келгенде достарымыз арқылы "қазақ орталығы" ашылғанын білдік, етене араласып, осы шараның жүргізушісі болдым, ал жолдасым ұйымдастыру шараларның басы қасында жүріп, суретке және видеоға түсіріп жүрді. Бұйырса алдағы үш жыл осындамыз". - деп түйіндеді Сандуғаш Сүндетбай. 

Суреттер Facebook желісіндегі qazaqcenter парақшасынан алынды

TengriTravel
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная