Қазақстандықтар Нигерде төлқұжаттарынан айырылып қалған

Сыртқы істер министрлігі Нигерде ұсталған қазақстандықтар жайында тың деректермен бөлісті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім еткендей, Нигер астанасы - Ниамей қаласында азаматтарымыздың ұсталғаны туралы ақпарат алғаннан кейін Қазақстанның Мысырдағы елшісі Нигер астанасына барып, Сыртқы және Ішкі істер министрліктерінің өкілдерімен, сондай-ақ осы елдің Бас штабының басшылығымен кездесулер өткізді.

"2023 жылғы шілдеде Нигердегі әскери төңкеріске байланысты бұл елдің мемлекеттік органдарымен өзара қарым-қатынас орнату қиынға соғып отыр. Дипломаттарымыз Нигердің тиісті органдарына ресми сауал жолдап, отандастарымызды Қазақстанға қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Біздің азаматтарымыз қамауға алынбаған, осы елде емін-еркін жүре алады. Қазір екеуі де қонақүйде тұрып жатыр. Жергілікті әскерилер олардың төлқұжаттарын алып қойған. Бұл мәселені шешуге бар күшімізді саламыз", - деді Смадияров.

Еске салсақ, шілде айының соңында Нигер әскерилері президент Мохамед Базумды басшылықтан кетіргенін мәлімдеп, ел билігін басып алды. Салдарынан елде коменданттық сағат режимі енгізілді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!