Жойқын толқын салдарынан круиз кемесінде жолаушы қайтыс болды

Оңтүстік Америкада жойқын толқын салдарынан круиз кемесінде жолаушы қайтыс болды және төрт адам зардап шекті, - деп хабарлайды ABC News.

Қайғылы оқиға 29 қарашада Viking Polaris компаниясына тиесілі антарктикалық круиз лайнерінде болған. Туристер мінген лайнер Аргентинадағы Ушуая бағытында кетіп бара жатқанда, күшті толқын соғып бірнеше каютаның терезесін сындырған.

Сынған терезелердің салдарынан бес адам зардап шекті, олардың арасында АҚШ азаматы, 62 жастағы саяхатшы кейінірек қайтыс болған.

"Қайғылы оқиға салдарынан лайнердің бір қонағы қайтыс болуына байланысты қайғырып көңіл айтамыз. Біз оның туыстарына хабар жеткіздік және көңіл айттық", - делінген компания хабарламасында.

Басқа зардап шеккендердің жарақаты жеңіл болған. Оларға медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта олардың денсаулығына еш қауіп жоқ. Осы оқиғаға қатысты тексеру жұмыстары басталды, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.