Жігіт пен қыз 577 миллион теңге ұтып алып, саяхатқа аттанды

Англиялық жұп лотереядан бір миллион фунт стерлинг (шамамен 577 миллион теңге) ұтып алып, жұмыстарын тастап, саяхатқа аттанған, - деп хабарлайды Mirror.co.uk порталы.

Ұлыбританияның Оңтүстік Йоркшир графтығындағы Дансвилла қаласының тұрғындары Терри Кеннеди мен Кей Йоксалл жергілікті пошта бөлімінен билет сатып алған, онысы ұтысты болып шыққан.

"Сіз өмір бойы бір ғажайып болатынына үміттенесіз, бірақ ол түс болып шығады. Тек басқалардың өмірінде ғана сондай кереметтер болады деп ойлайсыз. Күн сайын өзімізді шымшып, мұның шынайы өмір екенін тексеріп жүрміз", - дейді миллионер қыз.

Жастар жұмысын тастап, барғысы келетін елдер тізімін жасап, саяхаттай бастаған. Кейінгі бір жылда ағылшындар Испания, Ирландия, АҚШ, Мексика, Таиланд, БАӘ, Португалия, Франция, Мажарстан, Австралия, Жаңа Зеландия, Италия, Түркияны аралаған және Кариб бассейнінде круизге аттанған.

"Бұған дейін біз аз саяхаттадық, ұтысқа кенелген соң еңбек демалысын алуды ұйғардық. Лотереядағы ұтыс бізге армандарымызды жүзеге асыруға мүмкіндік берді", - деді Кеннеди.

Жарасымды жұп енді Бора-Бора аралына баруға бел буған.