Балиде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Автокөлік жүргізушілері өз көліктерін танымал такси қызметтерінің түстеріне бояп, туристерді алдайды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі 7News сайтына сілтеме жасап.
Индонезия аралының билігі мұндай жүргізушілермен сапарға шығу туристер үшін қауіпті екенін ескертті. Ел билігі, әсіресе, Балиге жалғыз демалуға келген әйелдерге сақ болуды ескертті.
Олар туристерге Gojek және Grab тәрізді танымал, әрі сенімді такси қызметтерінің қосымшаларын пайдалануға кеңес берді.
Сонымен қатар ел билігі алдағы президент сайлауына байланысты саяхатшыларға туристер көп жиналатын жерлерде лаңкестік әрекеттердің жоғары қаупі туралы ескертті. Президент сайлауы 14 ақпанға жоспарланған.
"Мұқият болыңыз. Танымал туристік аймақтар террористік актілер алаңына айналуы мүмкін", - делінген ескертуде.
Сондай-ақ олар сайлау қарсаңында саяси митингілер мен наразылық акциялары өтуі мүмкін екенін айтты.
"Наразылық акциялары болған жағдайда жолдар жабылуы мүмкін. Сонымен қатар танымал туристік орындарға кіруге шектеу қойылуы мүмкін. Наразылық акциялары мен демонстрациялардан аулақ болыңыз", - делінген туристерге жолданған үндеуде.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!