Исландияның оңтүстігінде Фаградальсфьядль жанартауының атқылауынан төтенше жағдай режимі енгізілді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі. RÚV ұлттық телекомпаниясы мәліметінше, жанартау атқыламас бұрын елде жер сілкінісі болған. Қатты тербелістерден атқылай бастаған жанартаудың лавасы Гриндавик қаласына қарай жайылып кеткен.
Жергілікті тұрғындар дереу қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Табиғи апаттан зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелмеген. Дегенмен жоғалған адам бар. Ер адам жанартау атқылауынан туындаған қыртысқа құлап кетті деген болжам жасалды.
Фото: facebook.com/Almannavarnir
Елді мекенді лавадан қорғау мақсатында тастан, жерден қорғаныс бекеттері тұрғызылған. Олар қауіпті біраз уақытқа сейілткен. Дегенмен отты лава оларды да жарып өткен. Салдарынан үш үй лава астында қалды. Өртенген үйлердің арасында енді салынып біткендері де болған екен. Тұрғындар онда тұрып та үлгермеген.
Кеше кешке елді мекен электр желілерінен, жылы және суық судан ажыратылды. Себебі Сварценгиден Гриндавикке дейінгі су құбырларын лава басып қалған.
Фото: facebook.com/Almannavarnir
Исландия президенті Гвюдни Торласиус Йоуханнессон халқының алдында сөз сөйлеп, тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды.
"Біз берілмейміз", - деді ол.
Сонымен қоса дүйсенбіде ел үкіметі шұғыл кеңес өткізді. Исландияның Әділет министрі Гудрун Хафстейнсдоттир тұрғындар алдағы уақытта өз үйлеріне орала алмайтынын мәлімдеді.
"Бізді болашақта не күтіп тұрғанын болжау қиын. Дегенмен мен оптимистік көзқарасымнан таймайын. Гриндавикке халық қоныстанады. Өкінішке қарай, ол жер бұрынғыдай болмайды, - деді ол.
Қазір жанартаудың сейсмикалық белсенділігі төмендеді. Дегенмен әлі де қауіп төндіріп отыр.
Исландия азаматтық авиация департаментінің директоры Видир Рейниссонның сөзінше, елдің оңтүстігіндегі жанартаудың атқылауы 1973 жылдан бергі тіркелген ең ауқымды табиғи апат.
Қызыл крест қоры Гриндавик тұрғындарына көмек көрсету мақсатында қаражат жинауға кірісіп кетті.
Бұл ретте Кефлавик халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!