Индонезия экономикасы үшін туризмнің жандануы маңызды. Алайда билік шетелдіктерді биыл қабылдауды жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы Индонезияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рахмат Промоно журналистермен кездесуде айтты, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.
"Екі ай бұрын елдегі коронавирус пандемиясына байланысты жағдай қиын болды. Қазір жақсарды. Дүние жүзі бойынша жағдайдың нашар болуына байланысты, шамамен 50-60 орында болды. Индонезия туризмі ел экономикасында маңызды рөл атқарады. Дегенмен әзірге туристерді қабылдамайды. Келесі жылдан бастап қабылдауды жоспарлап отыр. ", - деді дипломат.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Индонезия арасында әуе рейсін ашу туралы келіссөздер жүргізілгенін айтқан болатынбыз. Елші келіссөздің қандай деңгейде тұрғанына қатысты пікір білдірді.
"Біріншіден Индонезия үкіметі Медина мен Меккеге баратын азаматтар үшін өте аз квота бөлінеді. Мұны көбейту үшін Сауд Арабиясына баратын жолды Қазақстан арқылы ашу керек. Екі сапарды Қазақстан арқылы ұйымдастыру керек. Мен мемлекеттік мекемелер, Scat және Air Astana компанияларының өкілдерімен рейс ашу бойынша кездестім. Біз Медина немесе Мекке баратын рейсті Түркістан қаласы арқылы ұйымдастырғымыз келеді. Сонда индонезиялықтар Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб секілді тарихи орындарға бара алады, Алайда пандемияға байланысты қаншама жоспар кейінге шегерілді. Сондықтан дәл қазір рейстердің қашан ашылатыны туралы нақты ақпарат жоқ", - деп түсіндірді ол.
Дипломаттың айтуынша, индонезиялықтар тарапынан Түркістан, Самарқан, Бұхара қалаларына қызығушылық жоғары. Тіпті индонезиялық компания Самарқанда қонақүй салған. Елші осы үш қаланың әкімшілігімен ортақ жоба ұйымдастыру мақсатында кездесу өткізген.
Сонымен қатар, елші QazVac вакцинасын салдырған қазақстандықтар енді Индонезияға ПТР-тест тапсырмай кіре алатынын айтты.
"Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен Индонезияның денсаулық сақтау министрінің арасында меморандумға қол қойылды. Қазақстанның вакциналау паспортымен Индонезия келуге болады. Сондай-ақ, Алексей Цой Қазақстан вакцинасын Индонезияға жеткізу туралы ұсыныс айтты", - деді елші.
Рахмат Промоно Түркістан, Алматы облысы, Маңғыстау облысында болған. Ол Қазақстандағы туризмді дамыту үшін қандай ұсыныс болғанын айтты.
"Қазақстанда 25 мемлекеттің елшісі арнайы шақырумен бірнеше аймақты аралады. Сол кезде дипломаттардың туризмді дамытуға қатысты көзқарасы, ұсынысы тыңдалды. Біз қызмет көрсету саласын жетілдіру керегін айттық. Мысалы, ең қарапайым ережелерді алсақ, қонақүйлерде туристерді күліп қарсы алу. Сондай-ақ, туризм жақсы дамыған елдерден осы саланы үйрететін мамандарды шақырып, орталықтар ашу ұсынылды. Туризм индустриясын оқыту орталығы. Әрине, тағы туристік орындарға жету үшін инфрақұрылымды дамыту керек", - деді дипломат.
Айта кетейік, 2016 жылдан бастап Индонезия азаматтары Қазақстанға визасыз режиммен келе алады.
Ең маңызды жаңалықтар - біздің Facebook парақшамызда! Дəл қазір жазылып алыңыз!
Елімізде жəне əлемдегі жаңалықтар жайлы толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!