Хургадада туристер үшін теңіз астында демалыс орны ашылмақ

Хургадада туристер үшін Қызыл теңіз астында мұражай ашылмақ. Бұл туралы Қызыл теңіз провинциясының губернаторы, генерал-майор Амр Ханафи мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Су асты мұражайында дайвинг пен снорклинг үшін үш балама орын ұсынылады. Келген демалушылардың көңілін аулаумен қатар, бұл жобаның тағы бір мақсаты Қызыл теңіздің коррал жартастарын сақтап қалу болып отыр. Яғни демалушыларды су асты мұражайына тарту арқылы, басқа аумақтарға салмақ азая түседі. Осылайша, теңіздің әр жерінде жаңа коррал жартастары өседі екен.

Билік өкілдерінің түсіндіруі бойынша, туристерге қызық болу үшін суға бірнеше техниканы батырмақ - олардың арасында "Мысырдың әскери тарихында шешуші рөл атқарған көне құралдар да бар". Теңіз түбіне барлығы 15 дана техника үш жерге батырылады - Шааб-эс-Сакала, Урук-эт-Тавиль және Магавиштегі Арг-Джамаға.