Грекияның танымал көрнекі жері жойылып кетуі мүмкін

43 жыл бұрын Грекияның Закинфос қаласындағы Навагио жағажайында апатқа ұшыраған кеме толығымен жойылып кету алдында тұр, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

SchengenVisaInfo.com мәлім еткендей, соңғы он жылда кеменің жағдайы айтарлықтай нашарлағаны байқалады. Жергілікті тұрғындар мен туристік бизнес өкілдері ел үкіметіне мүмкіндігінше тезірек әрекет етуге шақырады. Олар туристік мекен аралға көп табыс әкелетінін атап өтті. Сонымен қатар кейбіреулері кемеге қатысты жауапкершілікті өз мойнына алып, қаржылай қолдау көрсетуге дайын екенін айтқан.

Жергілікті билік кемені сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде етті. Тіпті аралдың мэрі туристік жерді қорғауға көмектесу үшін Грекияның туризм, экономика және қаржы министрліктеріне жүгінді.
Кеме Закинфос туристері арасында танымалдыққа ие. Дегенмен оның танымалдығының артуына басқа да бірқатар оқиға себеп болды.

Өткен жылы наурыз айында грек үкіметі Навиго жағажайына баруға салынған тыйым мерзімін ұзартты. Бұл шешім сейсмикаға қарсы жоспарлау және елді қорғау ұйымы (OASP) тексерісінен кейін қабылданды.
2022 жылдың қыркүйегінде жағажайда 5,4 балдық жер сілкінісі тіркелген. Салдарынан көшкін қаупі туындап, жағажай жабылған болатын. Дегенмен туристерге аталған нысанға баруға әлі күнге дейін рұқсат етіліп келді. Бірақ жағажайға кіріп, кеме жанында жүзуге қатаң тыйым салынды.

Бұдан бөлек 2018 жылы жағажайға 200 метрлік жартас құлаған кезде жеті адам, оның ішінде екі бала зардап шекті. Сонымен қоса 34 жастағы чехиялық әйелдің омыртқасы сынды.

1980 жылдың қазан айында қатты дауыл салдарынан Панагиотис кемесі апатқа ұшырап, жағажайға шығып қалады. Жағажайдың Навагио деп аталып кеткені содан. Кемеде контрабанда тасымалданды деген айып тағылды. Капитан мен бірнеше экипаж мүшесі қамауға алынды. Бірақ кейін олар ақталды.

Жергілікті тұрғындар осы оқиға аралдың беделіне нұқсан келтіреді деп қорыққан. Алайда, бұл орын, керісінше, туристік көрнекі жерге айналып, әлеуметтік желілерде де танымал болып кеткен екен.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!