Қаңтар айының соңында "Субару" телескопының камерасы Гавайдың түнгі аспанында таңғажайып құбылысты түсіріп алған. Ғалымдар тексере келе мұның не екенін анықтады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Science Alert порталына сілтеме жасап.
"Субару" телескопы Жапонияның Ұлттық астрономиялық обсерваториясы, ол сөнген Мауна-Кеа жанартауының шыңында орналасқан. Телескоп камерасы түсірген жасыл тізбектер бірінің артынан бірі аз уақытқа пайда болған. Осы бір "лазер шоуының" видеосы Желіде тараған соң, адамдар бұл құбылысты "Матрица" фильмінде экранда пайда болатын жасыл компьютерлік код жолдарымен салыстырды. Кейбіреулері тіпті бұл Жерді сканерлеп жатқан өзге ғаламшарлықтар болуы мүмкін деп болжады.
Белгісіз лазер сәулелері пайда болған соң бірнеше күн өткенде, Жапония ғалымдары бұл жасыл жарық ICESat-2 деп аталатын NASA ғарыштық спутнигінің жұмысынан шыққан болуы мүмкін деп мәлімдеді. Ғалымдардың айтуынша, бұл спутниктегі радиолокациялық құрылғыдан шыққан сәулелер екен.
Кейінірек ICESat-2 ұшу траекториясын зерттей отырып, ғалымдар бұл құбылыс басқа ғарыш аппаратының - қытайлық Daqi-1 спутнигінің жұмысының салдары болды деген қорытындыға келді. Оның ICESat-2 спутнигіне ұқсас құрылғылары бар.
Бұл спутник былтыр сәуірде жердің атмосферасын және әсіресе оның ластану деңгейін зерттеу үшін Жер орбитасына ұшырылды.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!