Гастрономиялық жұмақ: Аспаздық өнерімен танылған сан қырлы Дубай

ПОДЕЛИТЬСЯ

Дубайдың Туризм және экономика департаменті Дубайдың Туризм және экономика департаменті

Аспаздық өнерімен ерекшеленетін Дубай гастрономиялық мәдениетті бағалаушылардың жұмағына айналды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.


Иконка комментария блок соц сети

Аспаздық өнерімен ерекшеленетін Дубай гастрономиялық мәдениетті бағалаушылардың жұмағына айналды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Соңғы жылдары өзінің таңғажайып қонақүйлері, бірегей сәулет жауһарлары және қызу саудасымен танымал Дубай әлемдік гастрономия сахнасында маңызды бәсекелеске айналды. Гурмандарға әртүрлі дәмдер мен тағамдардан ләззат алу үшін шексіз мүмкіндік сыйлай отырып, қала қызықты аспаздық саяхатқа шақырады.

Дубайдағы мейрамхана мәдениеті өзінің алуандығымен ерекшеленеді. Қаланың Al Quoz (Аль Куоз) сияқты аудандарында серуендесеңіз, аргентиналық грильден бастап вьетнамдық көше тағамдарына дейінгі әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған тағам түрлерінен дәм тата аласыз. Жоғары дәрежедегі тағам ұсынатын мейрамханалар жергілікті әсемдік пен ерекшелікті ескере отырып, әртүрлі елдердің тағамдарын дайындайды. Мысалы, кейбір мәзірде ливандық аспаздық дәстүрмен дәмделген француз гастрономиялық классикасын және басқа да көптеген ерекше үйлесімді ас түрлерін көруге болады.

Дубай ғана емес, оның мейрамханалары да сән-салтанат орталығы деген беделге ие. Қалада Мишлен жұлдызын алған және көпшілікке танымал аспаздар қызмет ететін ондаған тамақтану орындары мен мейрамханалар бар. Гордон Рамзи, Нобу Мацухиса және Винит Бхатия сияқты атақты аспаздар осы қалада өзінің бірнеше тамақтану орындарын ашқан болатын. Келушілер 8 тағамнан тұратын жапондық түскі ас, яғни кайсэки, араб тағамының лебі сезілетін ғылымға негізделген аспаздық өнер туындыларынан немесе француздық La cantine du Faubourg мейрамханасының басты мәзірі Жерорта теңізінде мекендейтін көк омардан дәм тата алады.

Дубайдың тағы бір ерекшелігі – онда дәмханалар мәдениеті дамыған, сонымен қоса жерорта теңізі тағамдары ерекше танымал. Шауырма, левантиялық мезе, сондай-ақ еттің түр-түрінен құралған ассорти (meat platter) сияқты тағамдар қаланың өзіндік қолтаңбасы саналады. Дейра мен Бур-Дубай аудандарындағы жайлы мейрамханаларда міндетті түрде олардан дәм татып көрген жөн. Ал лукаймат және гүл иісі аңқыған күріш пудингі сияқты араб тәттілері осы аймақтарға тағы бір бөлек саяхаттауға себеп болары анық.

Дубайды сенбі күнгі бранчсіз елестету мүмкін емес. Алуан түрлі мейрамханалар мен дәмханалар арасынан тағамдары көңіліңізден шығатын, әрі таңдаулы мәзір ұсынатын классикалық дәмханалардан бастап алдыңғысынан кем түспейтін қолжетімді түріне дейінгі - орын табылатыны сөзсіз. Мысалы, қолжетімді бағадағы бранч іздесеңіз, шығанақтың ғажайып көрінісі ашылатын және үздік тағамдарымен танымал Dubai Marina аймағындағы Pier 7 кешенінің төбесінде орналасқан Atetlier M мейрамханасына баруға болады. Сенбілік бранч мұнда сағат 14.00-де басталады. Әдеттегі уақыттан кеш тамақтануды қалайтын саяхатшылар үшін өте қолайлы. Фирмалық тағамдар қатарында вагю сиыр еті қосылған гедза, трюфель қосылған ризотто және баяу отта пісірілген ақсерке бар. CE LA VI мейрамханасына жолыңыз түссе, биіктіктен Бурдж Халифаның таңғажайып көрінісін тамашалап, таңғы бранч ішуге болады. Әсіресе террасада жайғассаңыз, мол порциялар, жанды музыка, персоналдың мінсіз қызметінің арқасында тамаша әсер алатыныңызға кепілдік береміз. Сенбі күндері бранч уақытында Al Seef атты тарихи аудандағы Skafos есіктері қонақтарға айқара ашылады, оның кең ауқымды мәзірінде салқын мезе тіскебасары, дәмді гиростар және басқа да дәстүрлі жерорта теңізінің тағамдары бар. Бранч ішуге қаланың кез келген жеріне бара аласыз, тек өзіңізге қолайлы мейрамхананы таңдасаңыз болды.

Егер сіз отбасыңызбен бірге тамақтануды жоспарласаңыз, көптеген таңдаулы орындар бар. Дубай мейрамханаларының көбінде балаларға арнайы мәзір ұсынылады, бұл әрине ата-аналарға үлкен көмек. Сонымен қатар, кейбір мейрамхана белгілі бір жасқа дейінгі балаларға тегін түскі ас ұсынады, сондықтан мейрамхананы таңдағанда осы жағымды ерекшелікті ескеріп жүріңіз. Егер балаларыңызбен көңіл көтеріп қайтқыңыз келсе, The Palm, Atlantis курортындағы Wavehouse мейрамханасы мен ойын-сауық кешеніне барған дұрыс. Мұнда үстел теннисін ойнап, боулинг клубында бағыңызды сынап көруге және тіпті жасанды толқындары бар бассейнде таза ауада серфингпен айналысуға болады. Балаларға арналған жұмсақ ойын алаңы да бар.

Жайлы азиялық Noodle House мейрамханасында бүкіл отбасыңызбен бірге дәмді тамақтана аласыз. Үш түрлі тағам ұсынылады, атап айтқанда кеспе, кацу және темпура ұсынатын балаларға арналған мәзір бар. Олардың әрқайсысы толыққанды түскі ас саналады. Мысалы, кацу түскі асына малайзиялық тауық етінен жасалған кәуап, тауық етінен жасалған кацу, жасмин күріші, жержаңғақтан жасалған тұздық және десертке банан беріледі. Балалар таяқшаны немесе қасықты қолдана алады, сондай-ақ қолмен тамақтана алады. Дубай Маринадағы The Scene мейрамханасы ағылшын тағамдарын ұсынады. The Scene Dubai Marina мейрамханасында Noodle House-тағыдай 12 жасқа дейінгі балалар ересектер негізгі мәзірден тапсырыс берген жағдайда балалар мәзірінен тегін тамақтана алады. Осылайша, аталған мейрамхана әсіресе жақын маңда болсаңыз, отбасыңызбен түскі ас ішетін тамаша орынға айналды.

Дубай сауда орталығының бірінші қабатында Dubai Ice Rink мұз айдынына қарама-қарсы ашылған Chinatown-ды да ерекше атап өтуге болады. Ішкі көрінісінің әр бөлшегі Чайнатаунды қайталайтын Chinatown аумағында дәстүрлі дим-самнан бастап «отты» сычуань тағамдарына дейін ұлттық ас-су ұсынатын көптеген қытай мейрамханалары бар. Көпшілікке танымал орындардың арасында қытайлық Haidilao мейрамханалар желісі және әйгілі сингапурлық Hawker Chan фудкортының филиалы бар. Оған қоса, Chinatown-да алпауыт Xiaomi технологиялық компаниясының фирмалық дүкені, NFT галереясы, бөлшек сауда дүкендері, тіпті спа-салондар да орналасқан.

Тойымды астан кейін артық калориялардан арылу үшін қала қонақтары Дубай Маринадан Пальмаға дейінгі жағажайлар мен жағалауларды тамашалап, серуендей алады. Бұдан бөлек түрлі дәмдеуіштер, алтыннан жасалған бұйымдар, кәдесыйлар сатылатын сауда орталықтары мен базарларды аралауға болады. Дубайдың мейрамханалар әлемі осы мегаполистің рухын бейнелейді: ол - әлемдік деңгейдегі заманауилықпен үйлесетін дәстүрлердің алуан түрлілігі мен сән-салтанатын біріктіреді. Өзін саяхатшы мен гурман санайтын әр адам міндетті түрде Дубайға баруға тиіс.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!

TengriTravel
Жарнамалық материал
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная