Еуропада жұмыс оңай табылатын 10 қала аталды

Қалалардағы өмір сапасы туралы есепке сәйкес Еуропаның оңтүстік қалаларына қарағанда батыс және солтүстік қалаларында жұмыс табу әлдеқайда оңай, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі SchengenVisaInfo.com порталына сілтеме жасап.

Еурокомиссия жариялаған есепке сәйкес сауалнамаға қатысқандардың 53%-ы, яғни ЕО-ға мүше батыс және солтүстігіндегі елдердің тұрғындарының жартысынан көбі жұмыс табу оңай деп санайды. Ал одақтың оңтүстігіндегі елдерде төрт адамның біреуі ғана осы пікірге қосылған.

Прага (Чехия) жұмыс іздеуге ең қолайлы қалалардың тізімінде бірінші орында тұр. Сауалнамаға қатысқандардың 79%-ы бұл қалада жұмыс табу оңай екенін растаған. Одан кейін 73% дауыс жинаған Клуж-Напока (Румыния) қаласы екінші орынға тұрақтады.

Жұмысқа орналасу үшін ең перспективті саналатын қалалар арасында Мюнхен (Германия) және Братислава (Словакия) үшінші және төртінші орындарды иеленді. Мұны сауалнамаға қатысқандардың 72%-ы растайды. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 71%-ы Гамбургте (Германия) жұмыс табу "оңай" екенін айтты. Осылайша ол жұмыс орындары ең көп қалалар рейтингінде бесінші орынға табан тіреді.

Осло (Норвегия) және Стокгольм (Швеция) жұмыс орындары ең қолжетімді он қаланың тізіміне енді. Сауалнамаға қатысқандардың 69%-ы және 68%-ы бұл пікірмен келіскен. 66% дауыс жинаған Варшава (Польша) сегізінші орынды қанағат тұтты. Одан кейін София (Болгария) және Таллин (Эстония) қалаларының әрқайсысы 65% жинаған. Сауалнамаға қатысқандар бұл қалаларда жұмыс табу қиынға соқпайтынын атап өтті.

Палермо қаласында жұмыс қолжетімді деп санайтындар өте аз екені белгілі болды. Сауалнамаға қатысқандардың тек 4%-ы осы қалаға дауыс берген. Жалпы 2023 жылы Палермода жұмысқа орналасу өте қиын болды. Сонымен қоса жұмыс табыла бермейтін қалалар рейтингін 11%-бен Неаполь (Италия) және 16%-бен Овьедо (Испания) жалғастырды.

Айта кетейік, коронавирус пандемиясы салдарынан Еуроодақта демографиялық өзгерістермен қоса жұмыс күшінің тапшылығы туындады. Қалалардың экономикасы айтарлықтай әлсіреді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!