Аустралиялық фермер Колин Деверо үшметрлік теңіз қолтырауынының шабуылынан аман қалды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі ABC News басылымына сілтеме жасап.
Оқиға өткен айда болған. Колин Аустралиядағы Финнисс өзенінің маңында құрылыс жүргізбек болып, қоршау жасауға дайындалып жатқан. Ол батпақта (болото) балықтың жүзгенін көріп, тоқтаған.
"Екі қадам жасай бергенім сол еді, қолтырауын оң аяғымнан бас салды. Оның тістері сіресіп қалғаны соншалық, мені жұлқылай бастады, сосын суға қарай тартты", - дейді Деверо.
60 жастағы ер адам бос сол қолымен ұрып көрген, тіпті жыртқышты тістеп көрген.
"Мен ыңғайсыз позицияда тұрып қалдым, алайда жолым болып, оның қабағынан тістедім. Ол қалың болсада, тістеп тұрып тартып қалып ем, жыртқыш мені жібере салды. Лезде жағаға шығып, көлігіме жүгірдім. Артымнан қуа бастады, бір кезде тоқтап қалды", - дейді ер адам.
Фермер орамал мен жіпті қолданып, қан ағуды тоқтатқан. Сосын оның бауыры ең жақын жердегі (оқиға болған жерден 130 шақырым) ауруханаға жеткізген. Қазір ол ем алып жатыр екен.
Басты мәселе жарадан қауіпті бактерияларды жою болған екен.
"Аяғымның талқаны шықты, тіпті 10 күннен аса оны тазалап, жуып отырды", - дейді аустралиялық.
Осы айда оған теріні ауыстырып орналастыру отасы жасалған. Ер адам аяғындағы саусақтарын сезетінін айтады, дәрігерлер оны осы аптада ауруханадан шығады деп болжайды.
"Барлығы сегіз секундта болды. Егер қолтырауын менің басқа жерімнен тістегенде, жағдай басқаша болар еді. Бұл менің өмірімді өзгерту керек деген белгі. Мен сол батпақты аймақта көп жүрдім, қоршауларды жөндедім, өмірімді сүре бердім. Бірақ мына жағдай менік көзімді ашты", - дейді ол.
Девероның айтуынша, өзіне шабуыл жасаған қолтырауынның көзі жойылған екен.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!