Ең мықты даяшы: Францияда ерекше марафон өтті

Париж даяшылары есімдерін жазбай-ақ 8 адамның тапсырысын есте сақтай алатынын дәлелдеді. Олар бір уақытта таңғы ас пен сусындарды тез әкеліп қана қоймай, өз талантын да көрсете білді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі CNN сайтына сілтеме жасап.

Парижде Course des Cafés марафоны қайта жанданды. Онда даяшылар круассан, бір стақан су және бір шыныаяқ кофе салынған табақтарды 2 шақырым жерге төкпей жеткізуі тиіс болды.

Бұл ретте даяшыларға жүгіруге болмайды, тек жылдам жүруге ғана рұқсат етілді. Ұпай олардың жеткізу жылдамдығы үшін есептеледі. Алайда мәре сызығына жеткенше, табаққа су төгілсе, төрешілер оларды алып тастауы мүмкін.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Париждің орталығына қалалық кафелердің 200 даяшысы классикалық ақ-қара формада шықты. Олар мэриядан бастау алып, Помпидаға қарай бет алды, одан кейін Маренің тар көшелерінен өтті. Бұл марафон 13 жылдан бері алғаш рет өткізілді. Оның бұған дейін өткізілмеуіне тиісті қаржыландырудың болмауы себеп болды.

2024 жылы марафон өткізу туралы шешім жазғы Олимпиада қарсаңында әлемге кафе мәдениетін көрсету мақсатында қабылданған екен. Жарыс нәтижесіне сәйкес La Contrescarpe кафесінен Сами Ламрус және Café le Petit Pont кафесінен Полин Ван Вимерш бірінші болып мәре сызығын кесті. Сөйтіп олар Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына шақыру алды.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!