Дубайға шопинг жасауға аттанайық

ПОДЕЛИТЬСЯ

Дубайға саяхаттап келгеннен кейін шопинг жасамау мүмкін емес, өйткені бұл қала сауда жасауға әлемдегі ең қолайлы орындардың бірі болып саналады. Қаладағы сансыз сауда орталықтарында көпшілікке арналған қымбат емес брендтерден бастап люкс брендтерге дейін, яғни кез келген бюджетке кез келген тауар түрлері табылады.


Иконка комментария блок соц сети

Дубайға саяхаттап келгеннен кейін шопинг жасамау мүмкін емес, өйткені бұл қала сауда жасауға әлемдегі ең қолайлы орындардың бірі болып саналады. Қаладағы сансыз сауда орталықтарында көпшілікке арналған қымбат емес брендтерден бастап люкс брендтерге дейін, яғни кез келген бюджетке кез келген тауар түрлері табылады.

Дубайда маусымаралық кезең болмағанымен, дүкендердегі тауарлардың сұрыпталымы үнемі өзгеріп отырады. Сіз әйгілі сауда орталықтарына, дәстүрлі базарларға немесе қолөнер бұйымдары ұсынылатын жәрмеңкелерге барсаңыз болады: ол жерлерде әртүрлі баға санатындағы заттар сатылады. Дубайда Сіз өзіңізге қажет нәрсенің барлығын таба аласыз.

Жыл бойы Дубайда бірнеше шопинг фестивалі өтеді. Ең басты Дубай шопинг фестивалі (DSF) 8 желтоқсанда басталып, 2024 жылғы 14 қаңтарға дейін жалғасады. Фестиваль кезінде қалада көптеген іс-шаралар, әсерлі шоулар мен ойын-сауық бағдарламалары өткізіліп, 38 күн бойы есте қаларлық шопинг ұсынылады.

Қай жерде сауда жасауға болады

Дубайда көптеген шағын және ірі сауда орталықтары бар. Қаланың әр ауданында өзінің сауда орталығы орналасқан.

Алайда Дубайға баруыңыздың мақсаты сауда жасау болса, ең үлкенінен бастаған жөн. Дубайда әлемдегі ең үлкен сауда орталығы Dubai Mall орналасқан. Мұнда 1200-ге жуық дүкен, сансыз кафе мен мейрамханалар бар. Осылайша, бюджетіңізге немесе жолсандық көлеміне қарамастан, таңдауыңызда шектеу болмайды. Сауда жасаумен қатар, Сіз бұл жерде уақытты қызықты және пайдалы өткізе аласыз – коньки тебуге немесе Dubai Aquarium and Underwater Zoo океанариумына, інжу іздеуші сүңгігіштер бейнеленген сарқырамаға баруға, тіпті Dubai Dino шынайы динозаврының қаңқасын көруге болады.

Dubai Mall-дың танымалдылығы оның көлеміне ғана байланысты емес - қаланың басты көрікті жерлерінің кейбірі оның жанында орналасқан: атап айтқанда, әлемдегі ең биік Бурдж Халифа мұнарасы және ән айтатын субұрқақтар.

Emirates Mall – киім-кешектен бастап жергілікті тәттілерге дейін ұсынатын 400-ден астам дүкені бар Дубайдағы тағы бір танымал сауда орталығы. Молл шатырының астында Ski Dubai атты тағы бір тау шаңғысы курорты және елдегі отбасыларға арналған ең ірі Magic Planet ойын-сауық орталығы орналасқан.

Souk Madinat Jumeirah сауда кешені туристік бағыттардағы ең танымал орындардың бірі болып табылады, өйткені бұл жерде «желкен» тәрізді Burj Al Arab қонақ үйінің тамаша көрінісі ашылады. Souk Madinat Jumeirah-да шамамен 25 дүкен, галерея және мейрамхана бар.

Мұнда кәдесыйлар сатып алуға немесе түйе сүтінен жасалған балмұздақ жеуге, парфюмерия не зергерлік бұйымдар сатып алуға болады. Сондай-ақ мейрамханалардың бірінде террасада музыка тыңдай отырып, Madinat Jumeirah курортындағы су арналарының әдемі көрінісін тамашалай аласыз.

Dubai Outlet Mall

Dubai Outlet Mall Дубай маңында, яғни қаладан 20 км қашықтықта орналасқан ең ірі және жалғыз сауда орталығы. Моллдың ауданы шамамен 1 млн ш.м. Мұнда 240-тан астам дүкен бар және 1200 жетекші әлемдік және жергілікті брендтердің өнімдері ұсынылған. Осы сауда орталығында танымал брендтердің өткен маусымдарға арналған топтамаларын 70%-ға дейін жеңілдікпен сатып алуға болады.

Дубай бутиктерінде шопинг жасау

City Walk сауда мен ойын-сауықты ұнататын жандар үшін нағыз жұмақтай. Мұнда әлемдегі ең танымал брендтер ұсынылған екі жүзден астам дүкен бар. Еуропалық қалалар үлгісінде салынған көшелер мен бульварлар бұл жерге ерекше көрік береді.

JBR аймағының бойында орналасқан The Beach жағажайы ерекше баруға тұрарлық жер. Дубайдың қайталанбас көркі болып табылатын The Beach дүкен мен жағажай құмарлардың сүйікті орны. Мұнда Bluewaters Island аралының керемет көріністерін тамашалай отырып, демаласыз, күннің көзі, теңізден рахат алып, дәл жағажайдағы мейрамханалар мен барларда таңдаулы ас ішсеңіз болады.

Қаладағы базарлар

Дубайда сауда жоспарыңызға қосуға тұрарлық бірнеше дәстүрлі базар бар.

Зергерлік бұйымдарды іздеп келсеңіз, Дубайдағы ең көне базарлардың бірі Gold Souk-ке келу керек. Мұнда Сіз алтын, күміс, гауһар тастар мен сағаттардан бастап бірегей қолөнер бұйымдарына дейін – қалағанның бәрін таба аласыз. Бағасына келісуге болады. Шопинг кезінде қолма-қол ақша қолданыңыз, өйткені дүкендер карта төлемдері үшін қосымша ақы алуы мүмкін.

Spice Souk - бұл сапарыңыздан керемет кәдесыйлар ретінде берілетін экзотикалық дәмдеуіштер, жемістер мен кептірілген тағамдарды табуға болатын тамаша орын.

Perfume Souk базарында әмірліктегі ең мол парфюмерия түржинақтары ұсынылған. Жергілікті хош иіс заттарға ерекше назар аударған жөн. Мұнда парфюмерияні спиртсіз жасайды және олардың ерекшелігі иістің ұзақ сақталуы. Араб хош иістерін бәрі бірдей түсінбес, бірақ ащы, қышқылтым және тәтті хош иістерді сүюшілерге ұнайтыны сөзсіз.

Souk Al Bahar - дәстүрлі Таяу Шығыс базарының заманауи нұсқасы. Оны әлемдегі ең ірі сауда орталығы Dubai Mall сауда орталығымен көркем жаяу жүргіншілер саяжолы байланыстырады. Бұл базардан кілемдер, сирек кездесетін заттар, тұрмыстық бұйымдарды табуға болады. Базардың баспалдақтарынан әлемдегі ең биік ғимарат – Бурдж Халифаның тамаша көрінісі ашылады.

Кофе және тәттілер

Рахат-лукумның алуан түрі, халуа, шербет, пахлава, нуга және шоколад сияқты ұлттық шығыс тәттілерінің міндетті түрде дәмін тату керек. Мұның бәрін базарлар және көптеген дүкендерден қалаған көлемде сатып алуға болады.

Ең танымал араб тағамдарының бірі - құрма. Оны көптеген джем, кәмпит сияқты десерттерге қосады, одан басқа құрманы бадаммен толтырып, шоколадқа орайды да, үстіне бал мен сироп құяды.

Қалада тәттілерді сатып алуға уақытыңыз болмаса, оларды әуежайдағы шығыс тағамдарының түр-түрі бар Duty Free аймағында рейс алдында сатып алуға болады.

Tax Free жүйесі арқылы сауда кезінде ақша үнемдеу

Tax Free – бұл шетелде сатып алынған тауарлар үшін ҚҚС-ты қайтару жүйесі. Егер сіз Дубайда сатып алған тауарлар үшін салықты қайтарып алғыңыз келсе, бірнеше қарапайым іс-әрекет орындауыңыз керек.

Ең алдымен, сатып алу сомасы кемінде 250 дирхам (шамамен 70 АҚШ доллары) құрайтынына көз жеткізіңіз. Содан кейін сатушыдан Сізге тауарды салықсыз беруін сұраңыз. Ол сіздің төлқұжатыңызды сканерлейді, деректерді жүйеге енгізеді де, кассалық чектің артына tax free белгісін жапсырады, сондай-ақ елден шыққан кезде тіркелуі тиіс электронды форма жасайды.

Tax free белгісін тауарларды сатып алғаннан кейін 90 күн ішінде тіркеу керек. Ол үшін тауар және белгісі бар түбіртекті Дубай әуежайындағы немесе Порт-Рашид теңіз портындағы Tax Free тіркеу пункттеріне барып көрсету керек. Мұны рейске тіркелмес бұрын және қауіпсіздік бақылау бекеттерінен өтпес бұрын жасаңыз. Салықты қайтару рәсімі өңделгеннен кейін Сіз ақшаны өзіңізге ыңғайлы жолмен шығарып аласыз.

Уақытыңыз болмаса, Халықаралық Дубай әуежайында (DXB) немесе Dubai World Central (DWC) аумағындағы Planet Payment өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын пайдалана аласыз. Осы терминалдарды пайдалана отырып, сіз салықты автоматты түрде қайтара аласыз. Ол үшін шот-фактураларды, төлқұжат пен несие картасын сканерлеу керек. Ақшаны несие картасына қайтарғыңыз келсе, сомаға шектеу қойылмайды. Ал егер қолма-қол ақша алғыңыз келсе, тәулігіне 10 000 дирхамнан артық сома қайтара алмайсыз. Дәл осындай өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары Дубай сауда орталығында, сондай-ақ қаланың басқа аудандарында да бар.

Дубай қаласындағы шопинг-турды жоспарлағанда, бутиктер мен сауда орталықтарына бару арасында оның керемет жағажайлары мен әсем сәулет құрылыстарын тамашалауға уақыт бөле отырып маршрутыңызды мұқият құрыңыз. Әрине, Дубай деп аталатын осы бірегей қаладағы көптеген мейрамханалар ұсынатын түрлі тағамдардың дәмін татып көруді ұмытпаңыз.

Суреттер Дубайдың экономика және туризм департаментінен

TengriTravel
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная