Дубайдағы паспорттық бақылауды "бір қарағаннан-ақ" тапсыруға болады

Енді жолаушы тіркеуден өту үшін құжаттарды сканерлемей, ең көбі 9 секундта-ақ тіркеле алатын болады.
Дубай Әмірлігі Әуежайы (DXB) биометриялық мәліметтерге негізделген жолаушыларды инновациялық тіркеу басталды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz.

Жүйеде жасанды интеллект технологиясы да қолданылады. Оны Дубайдағы тұрғындар мен шетелдіктерге арналған кеңсе (GDRFA-Dubai) Emirates-пен бірлесіп ашты. Әзірге бұл әдістің ыңғайлылығын тек осы әуекомпанияның тұтынушылары ғана пайдалана алады.

Қазіргі уақытта жүзден аса smart gate орнатылған ("ақылды қақпалар" деп аударуға болады). Жолаушыны "тану" үшін орта есеппен жүйеге 5-9 секундтан артық уақыт қажет емес. Биометриялық бақылау қызметі тек ересектерге (17 жастан бастап) қолжетімді.

Дубай халықаралық әуежайына келген жолаушылар Emirates рейсіне тіркелуі керек. Тіркеу кезінде камера адамның бет-жүзін таниды және жолаушының көз қарашығын сканерлейді, сонымен қатар, бұл деректерді биометриялық жүйеге енгізеді. Тіркелгеннен кейін жолаушы "ақылды қақпадан" құжатын және талондарын көрсетпей-ақ отырғызу аймағына өте алады. Ақылды қақпаның камерасы жолаушыны таниды және оған бірнеше секунд ішінде жол ашады. Бизнес-класс жолаушылары Emirates Lounge-дағы ақылды қақпаны пайдалана алады.