Дубайдағы мұсылман мәдениетімен қай жерде және қалай танысуға болады

Мұсылман мәдениеті ислам дінін қабылдаған әртүрлі халықтардың ықпалынан қалыптасты, оның ерекше алуандығы да осыдан. Қасиетті Рамазан айы – ислам дәстүрлерімен танысатын ерекше мүмкіндік. Осы айда қала ішінде қайда баруға болады және неден дәм татқан жөн?

Рамазан дәстүрлері

Рамазан ай күнтізбесіне байланысты болғандықтан, жыл сайын оның күндері өзгеріп отырады. Биыл қасиетті ай 11 наурызда басталып, 9 сәуірге дейін жалғасады. Дәстүр бойынша, Рамазан айында мұсылмандар күндізгі уақытта тамақ пен сусыннан бас тартады. Күн шыққанға дейін олар сухур ұйымдастырып, тамақтанады. Күн батқаннан кейін ауыз ашады, яғни ифтар ұйымдастырады. Екі тамақтану уақытын да отбасы және жақын адамдармен жиналып, бөліскен дұрыс, сондықтан ораза кезіндегі дастархан әрқашан қуаныш пен жылы әңгіме-дүкенге толы.

Туристер үшін Рамазан айы Дубайға саяхатқа аттанатын қолайлы уақыт, себебі жергілікті мәдениетпен танысуға тамаша мүмкіндік пайда болады. Бұл – ауызбіршілік пен ортақ дастархан басында сырласып әңгімелесетін уақыт. Осы орайда басқа дін өкілдері ораза тұтуға міндетті емес: мейрамханалардың көпшілігі Рамазан айында әдеттегідей жұмыс істейді. Дегенмен, қасиетті айда ұстамдылық таныту керек: мысалы, ораза тұтқан адамдардың арасында жүрсеңіз, тамақтан бас тартқан жөн. Сондай-ақ иық пен тізеңізді жауып тұратын қарапайым киім кию ұсынылады.

Жергілікті тұрғындар мен саяхатшылар арасында ифтар үшін танымал орындарға Jumeirah Emirates Towers-тегі Ninive, Atlantis, The Palm-дағы Asateer Tent, Business Bay-дегі SLS Dubai-дің 75-қабатындағы араб үлгісіндегі шатыр және Expo City Dubai-дағы Oasis Food Hall кіреді. Сухур уақытында мысалы, Palazzo Versace қонақ үйіндегі көркем Hikayat Ramadan Garden немесе Jumeirah Emirates Towers-тегі Ninive мейрамханасына баруға болады.

Сонымен қатар, қала ішінде қолөнер бұйымдары, түрлі кәдесыйлар мен жергілікті өнімдерді сатып алуға болатын ашық мерекелік базарлар бар. Бүкіл отбасыңызбен бірге Рамазан айының құрметіне көптеген іс-шаралар, соның ішінде қойылымдар, тамақ дайындаудан шеберлік сабақтары және көрмелер өткізілетін Expo City Dubai-ға барғаныңыз жөн. Global Village де назардан тыс қалмайды: мұнда концерттер мен аспаздық бағдарлама ұсынатын «Рамазан фестивалі» өтеді.

Гастрономия

Ас – елмен танысудың ең үздік, әрі сөзсіз ең тіл үйірер жолдардың бірі. Дубай мейрамханалары әлемнің түкпір-түкпірінен тағамдар ұсынады, бірақ міндетті түрде дәм татуыңыз керек дәстүрлі тағамдар да бар. Мысалы, ливан наны қосылған көкөніс салаты, яғни фаттуш деп аталатын танымал араб басытқысы. Таңғы асқа, соның ішінде сухурға, көбінесе балалит ұсынылады. Ол - вермишель, раушан суы, даршын және шафран қосылған, жұмыртқа омлетімен бірге ұсынылатын ерекше тағам. Тәттілерге келсек, өзіңіз білетін құрма мен баклавадан басқа жергілікті лукаймат бүйрекше бәліштерінен дәм татып көріңіз. Айтпақшы, бұл тағам Рамазан айында үлкен сұранысқа ие.

Ислам сәулеті мен мәдениеті

Орта ғасырларда салынған мұсылман діни ғибадатханалары, керуен-сарайлар, жабық базарлар, моншалар, сарайлар мен қамалдар әлі күнге дейін жайғысымның қарапайымдылығымен, инженерлік шешімдері және салтанатты безендірілуімен таң қалдырады. Дубайлық шеберлер көркем ою, жылтырату, көркемсурет, мозаика, мәрмәр, шыны және асыл тастар сияқты түрлі техникалар мен материалдарды керемет үйлестіре алады. Олар геометриялық сәйкестік пен симметрия қағидаларын басшылыққа ала отыра, қарапайым элементтерді әсерлі композицияларға біріктіреді.

Рамазан айы – Дубайдың дәстүрлі сәулетін тамашалайтын керемет мүмкіндік. Дубай арнасының бойында орналасқан тарихи Аль-Фахиди ауданында серуендеп келіңіз. Оның иір-қиыр көшелерінде сіз Бараджил деп аталатын жел мұнараларын, сондай-ақ бұрын тұрғын үй болған 50-ден астам көркем галерея мен дәстүрлі мұражай көре аласыз. Мұсылман мәдениетінің дәстүрлі ою-өрнектерін тамашалау үшін Джумейра мешітіне баруға болады. Ал әрбір мұсылман үшін қасиетті болып табылатын Құран кітабы туралы тереңірек білгісі келетін адам Құран саябағына баруы керек. Мұнда бейбітшілік, сүйіспеншілік пен төзімділік сияқты аса маңызға ие ислам дінінің нағыз құндылықтарымен таныса аласыз. Алпыс төрт гектар аумақты алып жатқан саябақ төрт негізгі бөлімнен құралған, олар – Ғажайыптар үңгірлері, жылыжайлар, көлдер және қасиетті Құран Кәрімде айтылған өсімдіктердің 50-ден астам түрі бар бақтар.

Ислам мәдениеті қызықты дәстүрлерге бай. Алайда, мұсылман халқы жаңашылдыққа қарсы емес: олар үнемі білім алуға және оны жетілдіруге ұмтылады. Дубайды араласаңыз, мұсылман жамағатының ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі уақытты қамтитын өмірі мен мәдениеті туралы көп ақпарат аласыз.

Фото: Департамент экономики и туризма Дубая Суреттер Дубай экономика және туризм департаментінен

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!