Блогер Парижде алаяқтардың арбауына түспеудің жолын айтты

Блогер Парижге саяхат барысында алаяқтарға тап болмаудың жолдарын айтып, бірнеше кеңесімен бөлісті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Канан есімді блогердің Instagram-да жариялаған видеосын 400 мыңнан аса адам қараған. Онда ол Франция астанасында алаяқтардың ең көп қолданатын айла-әрекеті туралы айтып берген.

Видеода Канан туристер жиі алданатын үш негізгі айла-тәсілді атады.

Біріншісі - турист өтіп бара жатқанда алаяқ тиын-тебен салынған стақанын әдейі жерге шашып алады. Көмекке келген адам тиындарды терісіп жатқанда, алаяқ оның қалтасынан құнды заттарын қағып кетеді немесе тағы ақша сұрауы мүмкін.

Екіншісі - бейтаныс адамдар "сыйлық" ретінде "тегін" білезіктерді ұсынуы мүмкін. Ролик авторының сөзінше, білезікті қолына таққан кезде, алаяқ одан ақша талап ете бастайды. Кейде бір білезік үшін 20 еуроға дейін сұрайды. Канан Миланда дәл осы айлаға өзі алданғанын мойындады. Дегенмен ол бар болғаны 2 еуро төлеп құтылған көрінеді.

Үшіншісі - метродағы қалта ұрылары туристердің телефондарын қолды етеді. Жолаушылардың қалталарында не бар екенін білу үшін олар үлкен сөмкелермен бүркемеленіп алады. Блогер қоғамдық көлікте өте ұқыпты болуға және құнды заттарды қауіпсіз жерде сақтауға кеңес берді.

Канан жариялаған видеоның астына оқырмандары түрлі пікір қалдырды. Олардың бірі алаяққа қалай тап болғанын айтып берсе, басқалары блогер ескермеген басқа айла-тәсілдер туралы айтты.

"Париждегі такси жүргізушілері басқа көшелермен әдейі ұзақ уақыт жүреді, сосын есепшотты айтқанда есіңнен танасың", "Лафайет галереясының жанындағы алдап-арбау ше? Қолдарында қағаздары бар екі әйел келіп, саңырау-мылқаулар адамдарға көмектесу үшін өтінішке қол қойып, аты-жөніңізді қалдыруды сұрайды. Қалам алып жатқаныңызда, сөмкеңізді алып кетеді немесе қалтаңызды ақтара бастайды", "Менің басымнан да өтті. Метроға отырғанымда орындар бос болды. Бір кезде қасыма қолы таңылған қарт адам отырды. Қалтамда бірдеңе жыбырлағандай болды, оған аса назар аудармадым. Қарт адам тұрғанда, менің метро билетім орындығында жатқанын көргенде қатты таңғалдым. Алаяқ әдейі қолын таңып алған екен, ал сау қолымен қалтама қол жүгірткен", - деп жазды желі қолданушылары.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!