Бар мүлкін сатып жіберген ерлі-зайыпты круиз кемесінің керемет каютасын сатып алды

Джон және Мелоди Хеннесси есімді ерлі-зайыптылар өмірінің қалған бөлігін круиздік кемеде өткізуге шешім қабылдап, барлық мүлкін сатып жіберген. Сөйтіп 15 жылға кабинаны сатып алған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Sky News сайтына сілтеме жасап.

Олар 2024 жылдың мамырында ұзақ сапарға шығуды жоспарлап отыр.

"Теңізде өмір сүру құрлыққа қарағанда арзанға түседі. Біз жай ғана суды ұнататын адамдармыз. Екеуміз де желкенді кемені, мұхитта болғанды жақсы көреміз", - деді олар.

Ерлі-зайыптылар Villa vie Odyssey деп аталатын үлестік меншік жүйесіне қатысқандарын айтып өтті. Кемеде тұрақтауға шешім қабылдамас бұрын, олар көліктің ішінде өмір сүріп, АҚШ-ты аралап көрген екен. Бірақ мұндай өмір салтынан шаршағандарын айтады. Жұбайлардың бірі Royal Caribbean компаниясымен 274 күндік круиздік жарнаманы көргеннен кейін, әйеліне ұсыныс жасаған. Көп ұзамай олар тіркеліп, круизге шыққан. Қазір олар кемемен Доминикан Республикасын аралап жүр. Ерлі-зайыптылар мұндай өмір салты қызықты әрі арзан деп санайды. Себебі олардың басында ипотекасы, шоттары және сақтандыруы жоқ.

Енді ерлі-зайыптылар армандарына қарай бір қадам алға басып, қонақтарына толық пансион ұсынатын Villa Vie Odyssey кемесінен 15 жылға каютаны сатып алды. Бұл - қызметтері толық көлемде көрсетілетін алғашқы үлестік тұрғын үй тәрізді кеме. Кемедегі кабиналар 99 999 долларға сатылады. Ал жалпы құны 249 000 долларға дейін жетуі мүмкін. Америкалық жұп ауру-сырқаудан қорықпайтындарын айтады. Өйткені кемеде медициналық қызметтер де қарастырылған. Сонымен қатар жолаушыларға порт ақысын төлегеннен кейін отбасы мүшелерін бортқа кіргізуге рұқсат етілетіні анықталды.

Белгілі болғандай, америкалықтар әлем бойынша үш жылдық саяхатқа баруды ұнататын жалғыз адамдар емес. Лайнердегі кабиналарды сатып алатын туристердің дені - егде жастағы адамдар екен.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!