Сақтандыру компанияларының сарапшылары туристерге бірқатар елдің тізімін ұсынып, онда барғанда барынша сақтанып, ауырып қалмауға тырысу керек екенін ескертті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Ұлыбританиялық Express басылымы осындай елдердің тізімін ұсынды. Тізімдегі бағыттардың басым көпшілігі туристері арасында ерекше танымал.
Riskline компаниясының мәлімдемесіне сәйкес, Мысыр, Шри-Ланка, Камбоджа, Үндістан, Мексика, Доминикан республикасы және Куба елдеріне барғанда сырқаттанып қалмауға тырысу керек.
"Бұл елдерде жақсы қызмет көрсететін медициналық ұйымдарды табуға болады. Алайда ірі қалалар мен туристік аймақтардан тыс жерлердегі мекемелерде тек негізгі көмек қана көрсетіледі. Мұнда медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер жетіспейді. Сол себепті жақсы жабдықталған медициналық мекемеге жүгінуге тура келеді", - деп түсіндірді сарапшылар.
Жалпы осы елдердің кейбірі толыққанды медициналық көмекпен қамтылған. Дегенмен ауру-сырқау айтып келмейді, демалып жүрген адам сырқаттанып қалам деп ойламайды. Ал ауырып қалған жағдайда туристі жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізеді. Бұл ретте "шалғай аудандарда" орналасқан ауруханаларға түсіп, онда медициналық манипуляцияларды жасатудан аулақ болуға тырысу керек.
Сондай-ақ туристерге әртүрлі елдердің өзіндік ерекшеліктері туралы ескертілді. Мысалы, Мексика мен Куба сияқты тропикалық аймақтарға барған туристер Денге безгегіне шалдығу қаупі бар екенін ұмытпауы керек. Сондай-ақ саяхатшыларға мұз қосылған сусындардан бас тартып, тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішуге кеңес берілді.
Сол сияқты Мысыр елінің де өзіндік ерекшелігі бар. Бұған дейін қонақүйлердегі дәріханалар дәрі-дәрмекті қымбат бағаға сататыны мәлім болды.
"Артық шығындардың бар-жоғына көз жеткізу үшін әр шотыңызды мұқият тексеріп шығыңыз. Қонақүйлерден тыс жерлердегі дәріханаларда дәрі-дәрмек бағасы едәуір арзан болады", - деп түйіндеді мамандар.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!