Ата-анасын алдап пайда көрмек болған турист опық жеді

Оңтүстік Корея азаматы өзін Таиландта жоғалып кетті деп ақша таппақ болған, алайда пайданың орнына басы дауға қалды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz порталы The Thaiger басылымына сілтеме жасап.

БАҚ мәліметінше, 24 жастағы Ким Хенхиль Паттайядан Кореяға ұшу керек болатын, бірақ, оның орнына өзін ұрлап кетті деп көрсетпек болған.

"Ер адам ата-анасына қоңырау шалып, өзін біреулер әуежайда ұстап алып кетіп, ақша талап етіп жатқанын айтқан. Осыдан кейін ол байланысқа шықпай қойған, ал алаңдаған туыстары Таиландтағы корей елшілігіне хабарласқан.

Сондағы ер адамның бар мақсаты Таиландта ұзағырақ қалып, сүйіктісін оңай ақшамен қамтамассыз ету болған екен", - деп жазады басылым.

Алайда полиция ұзамай-ақ Хенхильді үйінде отырған жерінен тапқан. Ер адам қашуға тырысқанымен қолға түсіп, қамауға алынды. Енді оған қатысты мерзімінен 497 күн асып кеткен виза үшін іс қозғалды.

Енді Тай елінің заңы бойынша Ким айыппұл арқалап, елден шығарылады және Таиландқа қайта кіретін болса, қара тізімге енеді.