Әлемдегі ең мықты төлқұжаттар аталды. Қазақстан нешінші орында

VisaGuide Passport сайтында жарияланған төлқұжаттар рейтингінде айтарлықтай өзгерістер бар
, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі ұйым сайтына сілтеме жасап.

VisaGuide.World Passport Index виза түрлерін, жолдама құндылығын және әрбір төлқұжат үшін бірегей ұпайларды ескере отырып, төлқұжат рейтингін саралау кезінде кешенді тәсілді қолданады. Бұл тәсіл танымал және туристер сирек баратын елдерге онымен визасыз келуге болатындығын көрсетеді, әрі төлқұжаттың мықтылығы жөнінде дәлірек түсінік береді.

Visaguide Passport ranking индексіне сәйкес 2023 жылдың қаңтарында Сингапур, Испания және Германия бірінші орында тұрған. Бұл елдер өз азаматтарының әлем бойынша емін-еркін жүріп-тұруын барынша қамтамасыз етті. Алайда 2024 жылы осы үштікте біршама өзгеріс болды. Испания Германия мен Сингапурды басып озып, бірінші орынға тұрақтады.

Жоба жетекшісі Лум Камиши биылғы жылы төлқұжат мықтылығының динамикасындағы екі трендті атап өтті. Кейбір ел рейтингте айтарлықтай жоғарылаған. Ал басқаларының, керісінше, рейтингтегі нәтижесі құлдырап кеткен. Оған визалық шектеулердің енгізілуі немесе басқа елдермен визасыз келісімдерді дамытудағы қиындықтар ықпал еткен.

Айта кетейік, Қазақстан 2024 жылғы рейтингте 114-орыннан 110-орынға көтеріліп, 4-орын алға жылжып, жақсы нәтиже көрсетті. Бір жыл бұрын 146-орында тұрған Өзбекстан биыл 129-орынды еншіледі. Қырғызстанның төлқұжаты бір жыл ішінде бір сатыға төмендеп, 132-орынға ие болды.

Әр мемлекеттегі өзгерістерге жеке тоқталған Камиши Сингапурдың үшінші орынға неліктен түсіп кеткенін айтты. Сөзінше, Сингапур туристерге елге кіруді жеңілдетуден гөрі мемлекетте тұру ережелерін жеңілдетуге көп көңіл бөлді. Бұл оның жаһандық төлқұжат рейтингіне әсер етпей қоймады. Сонымен қатар бастапқыда әлемдегі төртінші ең мықты төлқұжат саналған Португалия қазір 13-орынға түсіп қалған.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!