Әлемді тағы бір дүр сілкіндірген омикрондар мен ковидтік дүрбелеңге қарамастан, сарапшылар 2022 жылы бәрі "қалыпты жағдайға" оралып, туризм қайта жанданады деген мүмкіндікке сендіреді. Мұндай болжамды әр елдегі сарапшылар, сондай-ақ америкалық танымал JP Morgan инвестициялық банкі жариялады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Tourprom-ға сілтеме жасап.
JP Morgan есебінде 2022 жылы "коронавирус пандемиясы аяқталады және әлемдік экономика толық қалпына келеді" деген болжамды жариялады.
"Жаңа вакциналар мен емдік құралдар туризмді қалпына келтіруге, жаһандық ұтқырлықтың оралуына және тұтынушылардың кейінге қалдырылған сұранысының босатылуына әкеледі. Біз 2022 жыл әлемді толығымен қалпына келтіру, пандемияның аяқталуы және COVID-19 басталғанға дейін болған қалыпты экономикалық және нарықтық жағдайларға оралу жылы болады деп санаймыз", - делінген JP Morgan есебінде.
Түркия сарапшылары да 2022 жылы туризм қалпына келеді деп сенеді. Түркиядағы туристік агенттіктер қауымдастығының (TÜRSAB) басқарма төрағасы Фируз Баглыкая келесі маусымға да оптимистік баға берді. Оның айтуынша, Түркия кем дегенде "соңғы жылдардағы ең белсенді туристік маусымды" күте алады.
"Шетелдік туристердің негізгі қозғалысы ақпанда басталады. Біз 2022 жылды жақсы жыл, мүмкін 2019 жылдан кейінгі ең жақсы жыл деп күтеміз. Туризм саласында келесі маусымда біз 2019 жылғы көрсеткіштерге жетуіміз мүмкін. Деректер мұны растайды", - деді TÜRSAB басшысы оптимистік түрде.
Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!