Бүгінде әлемнің әр түкпірінде Наурыз мейрамы тойланып жатыр. Еуропадағы, АҚШ-тағы, тіпті Африкадағы қазақтар Наурызды қалай тойлағаны туралы видеолар жариялап жатыр. Таяуда Ұлыстың ұлы күнін тойлау АҚШ астанасы Вашингтон қаласында да өтті, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.
АҚШ-тағы Абай институтының жетекшісі Ертай Сұлтанның айтуынша, 3 сәуірде Дж. Вашингтон университетінде Centre for International Programmes - Bolashaq халықаралық стипендиясымен ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан әріптестер болып Наурыз мерекесін атап өткен.
"Шашу, тұсаукесер, бата беру, асық ойнау, аластау сынды дәстүрлердің мағынасын шетелдік достарға таныстырып, Наурыз көже мен палау, бауырсақ пен құртымыз қойылған дастарқан жайдық. "Атамекенді" шырқап, "Қара жорғаны" билеп, көңілімізді көтердік. Әдемі шапандарымыз бен қамзолдар үшін Вашингтон қаласындағы ҚР Елшілігіне үлкен алғыс білдіреміз. Баршаңызға Ұлыстың ұлы күні тек құт-береке, ырыс пен ынтымақ, жақсылық әкелсін", - дейді ұйымдастырушылардың бірі Ертай Сұлтан.
Қазақтар Голливуд төрінде Наурыз мерекесін тойлады
Сол шараға қатысқан бірнеше адам алған әсерімен әлеуметтік желіде бөлісіп, жұртшылықты "жаңа жылмен" құттықтады.
"Америка елінде, Вашингтонның төрінде шама-шарқымызша Наурыз мерекесін атап өттік. Бұл шараға Болашақ бағдарламасымен Джордж Вашингтон университетіне тағылымдамаға келген еліміздің біртоп ғалым әріптестеріміз мұрындық болды және аталған университетке қарасты Халықаралық Еуропа, Ресей және Еуразия зерттеу институты қолдау білдірді, - дейді Дінмұхамед Келесбаев.
Бұл шараға сондағы қазақтардан басқа өзге де ұлт өкілдері қатысып, мерекені бірге тойлаған.
"Биыл Наурыз мерекесін АҚШ астанасы Вашингтонда қарсы алу бақыты бұйырды. Елден жырақ жүрсек те "Болашақ" халықаралық бағдарламасы аясында GW университетінде тағылымдамадан өтіп жатқан біздер бір үйдің баласындай басымыз қосылып, ұлттық мерекемізді ұлықтадық. Туымызды көкке желбіретіп, дәстүріміз бен салтымызды сақтай отырып, Жаңа жылды жақсы көңілмен қарсы алдық. Шараға Эллиот Халықаралық қатынастар мектебі (GWU), Орталық Aзияны зерттеу бағдарламасының жетекшісі Марлен Ларюэль бастаған бір топ ғалымдары қатысып, дән ризашылықтарын білдірді. АҚШ-тағы Қазақстан Елшілігіне Наурыз мерекесін өткізуге қолдау көрсеткені үшін шексіз алғысымызды білдіреміз! Ұлыс оң, ақ мол болсын!", - дейді Қазына Асанқызы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Шара барысында ұйымдастырушылар ән шырқап, би билеген. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрімізден көріністер қойған.
"Дана халқымыз "Ештен кеш жақсы" дейді. Барлық әріптестеріміз белсенділік танытып, GWU-нен келген қонақтарға ұлттық дәстүрімізді, тағамдарымызды, өнерімізді көрсеттік. Көк туымызды желбіретіп, "Атамекен" мен "Арыс жағасында" әндерін шырқап, "Қара жорға" биін билеп, тұсаукесер дәстүрін көрсеттік. Ұлттық киімдеріміз бен тағамдарымыз, шашу, бата беру дәстүрлері қазақы қонақжайлылығымызды айшықтағаны анық. Ал, тамаша ауа райы көңіл күйімізді одан сайын арттыра түсті! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!", - дейді Наужан Дидарбекова.
"Ұлыс оң болсын!... Бұл орайды жаратқан халқымызға, мерекеге белсене атсалысқан әріптестер мен университет ұжымына Рақмет! Он күн бұрын ФБ-ға қарап тамсанып ек, бүгін сол сағынышымызды бастық. Пахан Жүсіп (Шаншар театры) айтқандай "Мұнда да өмір бар". Бастысы "бірілік бар жерде, тірлік бар". Қазақ Америкада да - қазақ. Бізді біріктіретін - Көк ту, дәстүр, болашақ!", - дейді Әлібек Ыдырысұлы.