Африкада жабайы аңдардың ордасына аттанған турист ғайып болды

Австралиялық турист Зимбабведегі Виктория сарқырамасының маңындағы ұлттық саябақта жоғалып кетті. Оны іздестіру жұмыстары 12 күнге жалғасты, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі ABC News сайтына сілтеме жасап.

67 жастағы ер адам жалғыз саяхаттағанды ұнатқан. Ол жабайы табиғатқа толы тропикалық саябақтан шамамен үш шақырым жерде орналасқан керемет вилланы жалға алған. 17 ақпанда ол үй иесіне қорыққа баратынын айтқан. Содан бері оны ешкім көрмеген.

Австралиялықты іздеуге бір топ полиция қызметкері тартылды. Сонымен қоса саяхатшыны иттер мен дрондар арқылы да іздестірді. Алайда ол әлі күнге дейін табылмай жатыр.

Құқық қорғау органдары камералардағы жазбаларды мұқият қарап шықты. Дегенмен олар туристің қорыққа қалай кіргенін көрмеген. Полицейлер туристің онда жоқ екенін алға тартты. Қазір істі тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!