Boeing компаниясының бас директоры Дэйв Кэлхун келесі жылдың соңында қызметінен кететінін хабарлады, - деп жазады Tengritravel.kz тілшісі aviationsource сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар компанияның басшылық құрамында ауыс-түйіс болатыны жария етілді.
Жарияланған пресс-релизде Кэлхун өзі бастаған жобаларды аяқтау үшін және компанияның болашақтағы позициясын нығайту үшін компанияны жыл соңына дейін басқаратыны хабарланған.
Кэлхун Boeing-те жұмыс істеу ол үшін ең үлкен мәртебе болғанын айтты. Сонымен қатар ол компания қызметінде қауіпсіздік пен сапаның маңыздылығын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ 737 MAX ұшағында анықталған бірқатар ақаудың салдарынан компанияда кадрлық өзгерістер болатыны анықталды. Мәселен Коммерциялық бөлімшенің бас директоры Стэн Дил зейнетке шығатын көрінеді, ал оның орнын Стефани Поуп басады. Директорлар кеңесінің төрағасы Ларри Келлнер төрағалық етуге үміткер болмайды. Оның орнына Стив Молленкопф тағайындалады.
Аталмыш өзгерістер 737 MAX оқиғасынан кейін Boeing компаниясына бәрін жаңадан бастау мүмкіндігі ретінде қарастырылып отыр. Кэлхун мен Дилдің бірден отставкаға кетпейтіні компанияға жаңа басшылыққа біртіндеп көшуге мүмкіндік береді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!