50-ден асқан шағында Америкаға көшкен Алматы облысының тұрғыны жұмыс істеп, екі ай ішінде көлік сатып алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы оның келіні Гүлжанар әлеуметтік желіде жариялады. Оның сөзінше, атасы жасына қарамастан, ағылшын тіліндегі өзіне қажет сөздерді үйренумен қатар, iPhone-ның да қыр-сырын әбден үйреніп, жұмыстың ебін тапқан.
"50-ден асқан атам Нью-Йоркте жұмыс істейді. Атама Ubereats ұнап тұр. Азанмен @qazaq.republic-тың термосына маманың бал шайын құйып ап, көлігімен жұмысқа кетеді. Жақында алған Kia-сы да үйлесе қалды. Басында тілден қиналса, қазір бір-аз сөйлемді біліп алған. Аударылмаған сөйлемін скриндап ап, скриндағы сөзді бірден аударып беретін iPhone-ның қасиетін де үйренген. Өз табысына өзі риза. Күніне $150-200 тауып, қуанып келеді, кешкісін әңгімесін тыңдап арқа-жарқа боп шәй ішеміз. Бір ебін тапқан жұмыс өзі үшін. Қайраты мен "істеймін" деген қажыры бізге үлгі. Жігітімнің сол қасиеті әкесінен дарыған. Шүкір! Алып мемлекеттің мүмкіндігін қолынан келгенше пайдаланғысы келген атамның бұл әрекеті - таза еңбек", - деп жазған келіні Гүлжанар.
Видеода олар америкалықтар тіпті 2 минуттық жерге тамақ алғызатынын айтып, ол жақта бензин қымбат екенін де тілге тиек етеді.
"- Папаларымыз келгеніне 3 айдан асты. Ол кісілер Ubereats жасап жүр. Бүгін папаның қасына шығып көремін. Қалай, папа, көңіл-күй?
- Жақсы. Әйбат.
- Бір заказ алып қойдық, соған бара жатырмыз.
- Қаншаға болатын болды?
- 16 долларға алдық, 11 минутта боламыз.
- Мына үйге беріп кеттік.
- Uber-де бір жақсысы өзіңе ыңғайлы тілде қосып алсаң болады.
- Оларға ағылшынша барады, олардың ағылшыншасы маған переводпен келеді. Жеті трип істеппіз?
- Қанша істеу жоспарда бар?
- 25.
- Айдап жүрген уақытыңызға біраз болды. Не түйдіңіз?
- Екі айдан асты, жан қинайтын ауыр жұмыс жоқ. Екі ай жүріп бір машина алдық", - дейді видеода келіні мен атасы.
Осылайша, ол бір күнде 10 сағат жұмыс істеп, 200 доллар табыс тапқан. Оны теңгеге шақсақ, 90 мың теңгеден асады.
Желі қолданушылары еңбекқор адамның ісіне тәнті болған.
"Мықты кісі екен", "Жұмабай ағам мықты!", "Жып-жылы видео. Жігерленіп қалдық", "Ербол папасына ұқсаған екен. Жаңашылықтан қорықпайтын, еңбексүйгіш! Аман болыңдар! Атаң ұзақ жасасын!", "Просто құрмет!", "Үлкендер осылай жұмыс тауып жасап журген соң жастарга қорықпай баруға болатын тәрізді", "Екі қолға бір күрек табам деген адамға табылатынын және уақыт деген оны "өткізіп алдым" деу үшін емес, оны пайдалану үшін берілетінін түсіндім. Әкейге сәттілік. Үлгі. Үйренген сайын жасара түседі, қажыр мен сана жағынан, бойындағы сол жастығын жоғалтпай, жастарға үлгі болып жүре берсін", "Керемет. Көкем шауып жүр ғой. Ісіне береке берсін!" - дейді олар.
Айта кетейік, Uber Eats - жергілікті мейрамханалардан тағамдарға тапсырыс беруге арналған азық-түлік жеткізу платформасы.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!