"10 есе қымбат". Кореяда шаян жеп көрмек болған қазақстандықтар күлкіге қарық қылды

Оңтүстік Кореядағы қазақстандық шетелдегі өмірінен сыр шертіп, видеолар түсіреді. Оның видеосы бірден танымалдыққа ие болып, 900 мыңнан аса қаралым жинады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Жансаяның TikTok-та жариялаған видеосы әлеуметтік желі қолданушыларының назарын бірден аулады. Сөзінше, жолдасы екеуі кешкі асқа шаян жегілері келген. Сөйтіп дәмханаға барған. Ас мәзірінде шаянның бағасын көріп, арзан екеніне көз жеткізген олар тапсырыс береді.

"Шаянға тапсырыс бергенде, құны 19 900 вон (6700 теңге) деп ойлап едік. Ал шын мәнінде 199 000 вон (67 мың теңге) болып шықты", - деп жазды ол.

@zhans_soull Интересная история про Корею когда пришлось заплатить в 10 раз больше чем мы думали 🤣 #корея #сеул #казахстан🇰🇿 #влог #казахивкорее #прикол ♬ оригинальный звук - Aizh

Жансаяның видеосына жүздеген оқырман пікір білдірді. Олар осы мәселеге қатысты өздерінің басынан өткен оқиғаларымен бөлісті. Кейбіреулері "бағасын мұқият қарап шығу керек еді" десе, басқалары "бағасы күмән туғызса, даяшылардан қайта сұрау керек еді" деп ақыл айтып жатыр.

"Шынымен шаянды 6700 теңгеге сатып аламын деп ойладыңыз ба?", "Шаяндардың бағасы өте қымбат", "Ас болсын", - деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.

Жансая редакция тілшісімен сұхбаттасып, Сеулде KAIST университетін бітіргенін айтып өтті. Ал оқудан кейін корейлік стартап әзірлеушісі болып орналасқан екен.

"Видеоға күйеуіммен бірге түстім. Біз бірге оқыдық. Қазір Оңтүстік Кореяда тұрамыз. Ол Ақтөбеден, мен Алматыдан. Бұл видео негізі 2023 жылдың күзінде түсірілген. Бірақ қазір ғана жариялауды жөн көрдім. Роликтің тез таралып кеткеніне қатты таңғалдым", - деді ол.

Қазақстандық күйеуі екеуі ақшаны үнемдеуге тырысатынын айтты. Өйткені мегаполисте өмір сүру қымбат дейді.

"Сеулде өткен студенттік шағымызда шаян жеп көрмеппіз. Оқуымызды бітіргеннен кейін тамақ ішкіміз келіп, шаян пісіретін жерге бардық. Онда раменнің бағасы 9900 вон (шамамен 3350 теңге) болды. Сонымен қоса ас мәзірінде шаяннан жасалған сеттер де көрсетілген еді. Құны 19.9, 25.0 вон шамасында деп жазылған. Біз 19 900 және 25 000 вон болатын шығар деп ойладық. Тапсырыс беріп қойғаннан кейін бағасын қайта сұрағымыз келді, бірақ ұялдық. Шотты төлегесін, бұдан кейін қайтадан үнемдеуге тура келді", - деді ол.

Ол Сеулде бірнеше жылдан бері пәтер жалдап тұратынын атап өтті.

"Күйеуім екеуміз де жұмыс істейміз. Сол себепті қатты қиналып жатқан жоқпыз. Тамақты үйде істеуге тырысамыз. Сол арқылы ақшаны үнемдейміз. Кореяда азық-түлік Қазақстанға қарағанда қымбат болғанымен, жалақы жоғары. Ең қиыны - туыстарымнан алшақ тұрамын, үйімді сағынамын", - деп түйіндеді ол.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!