Кеңес заманының мәдени мұрасын зерттеу - қазіргі туризмнің өте қызықты, әрі қолжетімді түрі. Сұлулығы көз тартатын көптеген ғимарат бұрынғы КСРО елдерінде сақталған. Tengritravel.kz тілшісі turistas.me порталына сілтеме жасай отырып, сонау кеңес заманында салынса да, әлі де сырын жоғалтпаған сәулет өнерінің туындыларына шолу жасады.
"Космос" қонақүйі (Мәскеу)
Фото: hotelcosmos.ru
Шолуымызды Мәскеудің солтүстік-шығыс әкімшілік округінің Алексеевский ауданында орналасқан "Космос" қонақүйінен бастайық. Бірегей ғимарат - кеңестік және француз сәулетшілерінің бірлескен жобасы. Ол 80-ші Олимпиадаға орай бой көтерген. Қонақүйді салу барысында сол замандағы жаңа технологиялар қолданылған. Мысалы, құрылыс алаңында дайындалған бетон инфрақызыл сәулелендіргіштермен қыздырылған. Құрылыс жұмыстары үш жылға созылған 25 қабатты қонақүй 1979 жылы пайдалануға берілді.
Мамандардың сөзінше, қонақүйдің жабдықталуы бүкіл Кеңес Одағы үшін жаңашылдық болды. Себебі дәл осы "Космоста" үшкамералы терезелерді, есік ашуға арналған кілт-карталарды, жылытуды басқарудың автоматтандырылған жүйесін және тағы басқа заманауи дүниелерді кездестіруге болады.
Сыртының металмен қапталуы, сондай-ақ техникалық мүмкіншіліктерінің арқасында "Космос" қонақүйі сол кезде пайда бола бастаған хай-тек үлгісіндегі алғашқы ғимаратқа ұқсайды.
Ресей Ғылым академиясының төралқа ғимараты (Мәскеу)
Фото:moskvichmag.ru
Таңғажайып ғимараттың жобасы 60-жылдары ұсынылып, 70-жылдары салына бастады (ред. - дәлірек айтсақ 1974 жылы). Сөйтіп 20 жылға жуық уақыт салынған ғимарат 90-жылдардың басында ғана аяқталды.
Ғимарат ұзақ уақыт салынса да, өте сапалы шыққан туындылардың бірі. Оның ең төменгі қабатында автотұрақтар мен техникалық қабаттар орналасқан. Одан сәл жоғарылай бергенде концерт залы, конференц-залдар және консерватория бар. Кешеннің үстіңгі қабатында, яғни ғимараттың ең биік бөлігінде ғалымдар отырады. Ғимараттағы сағат бірден туристердің назарына түсуі мүмкін. Дегенмен оның жыры көп. Ғимаратпен бірге тұрғызылған сағат мүлдем іске қосылмаған. Тек 2017 жылы істей бастаған көрінеді.
Бір қызығы, бұл ғимаратқа қатысты қауесет көп. Атап айтқанда, оның тоғыз жерасты қабаты бар деседі.
"Курпаты" шипажайы (Ялта)
Фото: rg.ru
Шипажайдың "Дружба" атты корпусы ұшатын табақ түрінде салынған. Дәл осы ғимаратта "Обитель зла: Возмездие "фильмі түсірілді. Санаторий сәулетші Игорь Василевскийдің жобасы бойынша 1980 жылдан 1985 жылға дейін салынды. Қазір "Курпаты" әлі де жұмыс істеп тұр. Шипажай қонақтары - тамақпен, емдеу шараларымен, түрлі ойын-сауық бағдарламасымен қамтылады.
Айта кету керек, Кеңес дәуіріндегі Қырымның басқа шипажайына қарағанда, "Курпаты" санаторийіне қатысты жақсы пікір қалыптасқан. Мысалы, "Дружба" корпусында демалған қонақтар бөлмелерінің кеңдігін, көрінісінің әдемілігін, ауаның тазалығын, сондай-ақ теңізге жақын орналасуын атап өткен.
Автомобиль жолдары министрлігінің ғимараты (Тбилиси)
Фото: pikabu.ru
Сәулет өнерінің туындысы 1975 жылы салынса да, әлі күнге дейін Грузия астанасының тұрғындары мен қонақтарының көзайымына айналған. Жоба авторлары - Георгий Чахава және Зураб Жалагания есімді сәулетшілер екенін атап өткен жөн. Бір қызығы бұл жерге осы ғимаратта орналасқан "Грузия банкінің" клиенттері ғана кіре алады.
Кроссворд немесе конструктор тәрізді салынған ғимарат 18 қабаттан тұрады. Бұл - әлемдегі бруталистік сәулет өнерінің үздік үлгілерінің бірі саналады. Қазір мұнда эскалаторлар салынып, залдың интерьері жаңартылды.
"Аманауз" қонақүйі (Домбай)
Фото: startpeak.ru
Домбайдың атмосферасы ерекше. Себебі кеңес заманындағы тау-шаңғы курортына ұқсайды. Осы өлкеде "Аманауз" қонақүйі орналасқан. Қонақүйдің ағаштармен өрілген қасбеті Домбайдың табиғатымен үйлесіп тұр. Бөлмелері шағын етіп жобаланған қонақүй терезесінен заңғар тауларды тамашалауға болар еді. Сонымен қоса ғимараттың жоғары бөлігінде шолу алаңы, ал оның ішінде концерт залы орналасуы тиіс еді.
Алайда бұл жоспарлардың барлығы іске аспады. 1985 жылы жоба белгісіз себептермен кейінге қалдырылды. Қараусыз жатса да, бұл ғимарат Домбайдың басты көрнекі жерлерінің біріне айналды.
"Өзбекстан" қонақүйі (Ташкент)
Фото: pixabay.com
Ташкент тұрғындары бұл ғимаратты "өзбек" деп те атайды. Керемет қалаға саяхаттап келген әрбір турист осы қонақүйдің алдында міндетті түрде суретке түсуі тиіс. Оны Ташкент сейсмикалық модернизмі туындыларының бірі деп те атауға болады. Өйткені "Өзбекстан" қонақүйі 1966 жылғы жер сілкінісінен кейін салынған.
Ғимарат бір қарағанда Мәскеудің "Космос" қонақүйіне ұқсайды. Бірақ "Өзбекстан" қонақүйінің қасбеті ұлттық өрнектермен өрнектелген. Қазір қонақүй әлі де жұмыс істеп тұр.
"Қазақстан" қонақүйі (Алматы)
Тәжбен безендірілген 102 метрлік қонақүй 1977 жылы жер сілкінісіне төзімді етіп салынған және қала құрылысына сән берген ерекше сипатты сәулет жобасына айналды. Сәулетшілер өз жұмысына сенімділік белгісі ретінде жер сілкінісіне төзімділік сынақтары кезінде ғимараттың ішінде болды. Қонақүй 2008 жылға дейін Алматыдағы ең биік ғимарат саналды. Тәждің тарихы да қызықты - жобалау кезінде тәж болмаған, алайда құрылыс кезінде шатырдағы лифт шахтасын жабу үшін әдейі ойластырылған.
Жоғарғы қабаттардағы қонақүй нөмірлерінен Іле Алатауы мен қаланың керемет көрінісі көз тартады. Дәл осындай тамылжыған табиғат көрінісін 26-қабаттағы мейрамханадан тамашалауға болады. Қонақүйде барлығы 447 бөлме, екі мейрамхана бар. Төменгі қабаттарда да бірнеше мейрамхана орналасқан.
Қонақүй қаланың көрікті жерлері топтасқан орталық көшелердің бірі - Достық даңғылында орналасқан. Жаяу жүргіншілер жолында Республика сарайы, Ұлттық Ғылым академиясының алаңы, Almaty Gallery, Тереңқұр соқпағы және Caspian University алдындағы әдемі фонтан орналасқан алаң бар. Сондай-ақ бұл жерден Көктөбеге, "Медеу" мен "Шымбұлаққа" жету ыңғайлы.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!