Авиация саласында 20 жылдан аса уақыт еңбек еткен экс-стюардесса ұшақтағы жеке-бас тазалығы ережелерімен бөлісіп, кеңес берді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі DailyMail басылымына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, әдетте ерте ұшатын рейстер таза саналады. Өйткені мұқият тазалауға көп уақыт бөлінеді.
"Ерте ұшатын рейстерді таңдауға тырысыңыз. Себебі алғаш ұшатын лайнерлер ең таза болады. Көптеген әуекомпанияның ұшу кестесі тығыз. Сондықтан ұшақтың жердегі уақыты да шектеулі. Күндіз ұшақ салоны жеңіл-желпі тазартылады. Ал кейбір әуекомпания стюардессаларға кабинаны ретке келтіріп отыруды сұрайды. Ұшақ түнгі тұраққа жеткеннен кейін таңертеңгі рейске дайын болу үшін толық тазартылады", - деп атап өтті стюардесса.
Сондай-ақ ол орындықты көрпемен жауып қоюға кеңес берді. Бұл ластанған орындықтардан сақтанудың жолы дейді. Бұдан бөлек стюардесса жастанбас бұрын жастықты иіскеп, сөмкелерді қоймас бұрын орындықтардың астындағы еденді тексеру керегін айтты.
Сарапшы жолаушыларға ұшақтағы жеке-бас гигиенасын сақтауға кеңес берді.
"Көптеген жолаушы айналасын мұқият тазалап алу үшін өзімен бірге дезинфекциялық майлықтарды алып жүреді. Тазартылуы тиіс негізгі аймақтар - үстел, экран және кондиционерді басқару құрылғылары. Сондай-ақ қауіпсіздік белдігінің ілгегін де сүртіп жүру қажет. Мен орындықтың қалтасына көп жоламаймын. Өйткені бұл жерден лас майлықтар мен жөргектерден бастап, құсуға арналған пакетиктерді де табуға болады. Сол себепті мұнда телефонымды немесе жеке заттарымды қоймаймын", - деп түйіндеді стюардесса.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!