Алматылық саяхатшы Қазақстанды Еуропамен салыстырды

Фото: pixabay.com

Көптеген адам шетелде өмір сүруді армандайды. Әрі жаңа елде өмірін қалай бастаса болады деп қиялдайды. Қазақстандық Анель Құсайынова Венада өмір сүрудің қыр-сырын айтып беріп, өз тәжірибесімен бөлісті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Көптеген адам шетелде өмір сүруді армандайды. Әрі жаңа елде өмірін қалай бастаса болады деп қиялдайды. Қазақстандық Анель Құсайынова Венада өмір сүрудің қыр-сырын айтып беріп, өз тәжірибесімен бөлісті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

24 жастағы алматылық өз парақшасында бейнеролик жариялады. Онда ол Венада 11 000 теңгеге не алуға болатынын көрсетті. Сөзінше, бірнеше күнге жететін азық-түлік жиынтығын небәрі 22 еуроға сатып алған.

Тілшімен сұхбат барысында Анель білімін жалғастыру үшін Еуропаға көшкенін айтты. Сондай-ақ қазір шетелде өмір сүру тәжірибесімен бөлісетін блогын белсенді жүргізіп жатқанын атап өтті.

Реклама
Реклама

Айтуынша, оның видеолары көшуді жоспарлап жүрген, Еуропадағы өмір тым қымбат деп ойлайтындар үшін пайдалы болуы мүмкін екенін айтты.

"Қыздарға арналған КТЛ-дың 10-сыныбында оқып жүргенде Еуропаға баруды шештім. Мұнда екі жоғары ғылыми дәрежеге қол жеткіздім. Қазір МВА-ге оқып жатырмын. Сонымен қоса аустриялық компанияның маркетинг бөлімінде жұмыс істеймін. Жаңа жылдан бастап өз блогымды белсенді түрде жүргізе бастадым. Онда өмірімнен сыр шертемін. Видеоларды еш дайындықсыз түсірдім. Өйткені осында көшуді жоспарлап отырған немесе Еуропада бәрі қымбат деп ойлайтын адамдар үшін қызықты болуы мүмкін деп ойладым", – деп бөлісті ол.

Анельдің азық-түлік себетінде ет, тауық еті, көкөністер, макарон өнімдері, күріш, тіпті қызғалдақ та бар.

"22 еуроға немесе 11 000 теңгеге бірнеше күнге жететін негізгі азық-түлік өнімдерінің жиынтығын сатып алдым. Менің себетімде 500 грамм ет, 280 грамм тауықтың төс еті, 500 грамм брокколи, 3 цуккини, 2 баклажан, 500 грамм саңырауқұлақ, спагетти, бір бума күріш және қызғалдақтардың гүл шоғыры бар. Бірнеше жыл бұрын Еуропадағы азық-түлік бағасы Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары болып көрінді. Мысалы, ет, жемістер мен көкөністер бағасы. Елге келген сайын азық-түлік бағасының өсіп келе жатқанын байқадым. Соңғы барғанымда елдегі бағалар Венаға қарағанда жоғары болып көрінді", - деді алматылық.

Ол Венадағы киім-кешек бағасы Қазақстанға қарағанда төмен екенін, алайда тігін және сантехникалық жұмыстар сияқты қызметтер айтарлықтай қымбатқа түсетінін атап өтті.

"Киімге, еуропалық брендтерге келер болсақ, Венада киімдердің түрлі ассортименті бар, ал бағасы айтарлықтай төмен. Сонымен қатар Аустрияда тігінші немесе сантехник тәрізді қызметтер Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары. Менің ойымша, Еуропадағы сұлулық қызметтерінің сапасы отандыққа жетпейтіні көпшілікке мәлім", - деп атап өтті Анель.

24 жастағы қазақстандық Аустрияның мәдениеті мен өмір салтына қалай бейімделгенін айтып берді.

"Көшкен кезімде менде мәдени "шок" болмады. Өйткені мені не күтіп тұрғанын түсіндім. Алайда алғашқы жылдары жексенбіде Аустриядағы барлық дүкен мен сауда орталығы жабық болатынына, тек вокзалдардағы супермаркеттер ғана істейтініне үйрену қиын болды. Бұдан бөлек маған ересек әріптестеріме сен деп айту қиынға соқты. Мәселен менің компаниямда ешкім жасына, мәртебесіне немесе қандай лауазымда екеніне қарамайды. Бәрі бір-біріне "сен" дейді. Ал егер сен "сіз" деп шықсаң, бұл керісінше дөрекі болып көрінуі мүмкін", - деп түсіндірді ол.

Кейбір қиындыққа қарамастан, бойжеткен Венада өмір сүрудің көптеген артықшығы бар екенін айтты: оның ішінде жаңа таныстар табу; Еуропаға жылдам жету; саяхаттың қолжетімділігі.

"Менің осында қалуыма ықпал еткен бірнеше фактор бар. Мұнда мен жаңа адамдарды кездестірдім, жаңа білім алдым, жылдам және арзан саяхатқа қолжеткіздім. Әсіресе Италияға 20 еуроға билет алып, саяхаттап келе аламын немесе 5 сағаттық сапарға шығып Хорватияға тез жете аламын. Онда атмосфера тым бөлек", - деп бөлісті Анель.

Қорытындылай келе, алматылық Венада кез келген бюджетке сай келетін тұрғын үйді жалдауға болатынын атап өтті.

"Егер тұрғын үй туралы айтатын болсақ, онда кез келген талғамға және бюджетке сай түрлі нұсқалар бар. Оның бағасы сіздің жалғыз тұруыңызға немесе бөлмені біреумен бөлісуіңізге байланысты. Сонымен қатар ғимараттың жаңалығына, белгілі бір ауданда орналасқанына да байланысты. Мысалы, жатақханадан 350 еуроға бір бөлме табуға немесе достарымен 1500 еуроға пәтер жалдауға болады", – деп түсіндірді қазақстандық саяхатшы.

Сондай-ақ ол Еуропадағы басқа да шығындар туралы айтты.

"Студенттерде айына шамамен 65 еуро тұратын сақтандыру болуы керек. Мобильді интернет 15 еуро және одан жоғары тұрады. Сондай-ақ кафелер мен мейрамханаларға баруды қоспағанда, азық-түлікке 200-300 еуро кетеді. Мұнда бір латте 4-5 еуро тұрады. Бұл шамамен 2200 теңге. Сонымен қатар бірреттік билет 2,40 еуроны шамасында, ал студенттер семестрлік билетті 75 еуроға сатып ала алады. Алғаш келгенімде метроларда турникеттердің жоқтығына таңғалдым. Венада билеттің бар-жоғын үнемі тексере бермейтіндіктен, сіз «төлемей» жүре аласыз. Бірақ мен мұны құптамаймын. Себебі қомақты айыппұл арқалауыңыз мүмкін", - деп қорытындылады Анель.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!

TengriTravel

Реклама
Реклама
Лого TengriNews мобильная Лого TengriLife мобильная