Қазақстан тумасы, бүгінде Ресейде өнер көрсетіп жүрген әнші Nazima мен атақты хип-хоп-орындаушы, әнші әрі продюсер Тиматидің экс-жары Анастасия Решетова Алматы облысындағы туристік аймақтарда болды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz порталы.
2014 жылы Ресейдің бірінші вице-ару атағын жеңіп алған Решетова Қазақстанның таулы аймағында екі күнін байланыссыз өткізіп, әдемі де таза табиғатын тамашалағанын жазды.
"Бұл мен болған ең әдемі әрі қонақжай елдердің бірі деп еш әсірелемей айта аламын. Ұшақ қонған сәттен бастап жылы сезім пайда болды, өзімді үйде жүргендей сезіндім. Маған үнемі "Қазақстан сені жақсы көреді" деп жазған кезде, болашақта соны сезініп көремін деп ойламадым және бұл шынымен де солай екенін білмедім. Енді "Қазақстан, мен де сені жақсы көремін"деп нақты айта аламын", - деп жазды Решетова.
Ал отандасымыз Нәзима Жәнібекова бұл сапар біз үшін мәңгі есте қалатынын айтып, видео жариялады.
"Осы кадрларға қарап, біздің жер таңғажайып әдемі екенін түсінемін. @volkonskaya саған Қазақстан бұрыннан ұнайтынын білемін, бірақ енді сен оны шын жүректен сүйетін боласың деп үміттенемін. Әрі қарай Нұр-Сұлтанға барамыз, менің концертіме келгісі келгендерді бүгін "Золото-да" күтемін. @vkadre_kz бөлісуге рұқсат, жұртшылық Қазақстанның қандай әдемі екенін көрсін", - деп жазды Nazima.
Сонымен қатар, Анастасия Решетова Қазақстаннан ерекше сыйлық алғанын және оның маңызы туралы жазды.
"Қазақстанға алғаш рет келуіме орай маған қазақ қыздарының әдемі дәстүрлі бас киімі - сәукелені сыйға тартты. Мұндай сәукелені қыздар үйлену тойына киеді және тұрмысқа шыққаннан кейін бір жыл бойы мереке күндері киіп шығады, сондай-ақ бұл бас киім - жаңа өмірдің басталуының нышаны. Бұл бойжеткеннің бейқам өмірі мен отбасылық өмірдің басталуы арасындағы естелік. Өте құнды сыйлық @stylus.photo", - деп жазды ол.
Айта кетейік, таяуда Тимати әлеуметтік желіде бір топ қызбен түскен видеосын жариялап, геолокациясына Алматы облысы Мойынқұм деп көрсеткен. Кейінірек мұның жай әзіл екені белгілі болды, негізінде ол сол кезде Дубайда жүрген.