Ер адам ұшақ әжетханасына кіріп, электронды темекі шеккен. Ұшақ діттеген жерге жеткенде Астана әуежайының тізбектегі полиция бөлімінің қызметкерлері оны алып кеткен, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеру барысында көлік полицейлері 31 жастағы Ресей Федерациясының азаматын анықтады. Ол ұшақ дәретханасында электронды темекі шеккені белгілі болды. Құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы 1-2-бөлігімен, яғни, әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтыну бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 50 АЕК (172 500 теңге) айыппұл салынды.
Жыл басынан бері 10 айда көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 537 құқықбұзушыны актімен әуерейстерінен түсірді. Оның ішінде қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін - 256, ұшақ бортында темекі шеккені үшін - 179, ұсақ бұзақылық үшін - 41 және басқалар.
Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері бортта темекі шегу өрт қауіпсіздігі нормаларына қайшы келетінін айтады. Ұшақта кез-келген ұшқыннан тұтанып кететін тез өртенгіш материалдар көп. Сондай-ақ, темекіден шыққан түтін жолаушылар мен ұшақ персоналына қолайсыздық тудырып, зиянын тигізеді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!