Ұшаққа тыйым салынған заттарды алып өткені үшін қандай жаза қолданылады?

Алматы халықаралық әуежайында кейінгі жылдары қару жарақты, травматикалық қаруларды, атыс қаруы мен патрондарды, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды, газбен атылатын қаруларды, оқ-дәрілерді алып өту құқық бұзушылықтарының пайыздық мөлшері жыл санап артып келеді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Алматы қаласы Авиациялық көлік прокуратурасы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласы Авиациялық көлік прокуратурасы Алматы әуежайындағы Желілік полиция бөлімі мен Авиациялық қауіпсіздік қызметінің "Ұшу алдындағы тексеріс қызметімен" бірлесе отырып жолаушыларға өзімен бірге алып жүруге тыйым салынған заттар жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

"ҚР аумағында қару-жарақ айналымы "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" Заңы, "Жолаушыларға азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен бұйымдардың, сондай-ақ есірткінің барлық түрлерінің тізбесін бекіту туралы" ҚР Үкіметінің №317 Қаулысы және өзге де заңдармен реттеледі", - делінген прокуратура хабарламасында.

Тыйым салынған заттарды алып жүргені үшін:

  • ӘҚБТ Кодекстің 482-бабы "Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы - жеке тұлғанға 20 АЕК айыппұл салынады;
  • ӘҚБТ Кодекстің 484-бабы "Азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзу" - жеке тұлғанға 10 АЕК айыппұл салынады;
  • ҚР ҚК 287-бабына сәйкес "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бес мың АЕК айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Қарастырылып отырған құқық бұзушылықтың заты ретінде қару жарақты, травматикалық қаруларды, атыс қаруы мен патрондарды, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды, газбен атылатын қаруларды, оқ-дәрілерді есепке алынады

"Талдау жұмыстары барысында, жоғарыда қарастырылып отырған бап бойынша әуежай қызметкерлерінің ұшу алды тексеру барысында жолаушының жүгінен суық қару жиі табылады (кастет, дубинка және т.б.). Көп жағдайда, жолаушылар суық қаруды өзімен бірге алып жүргендігі және сақтағандығы үшін белгілі бір жауапкершілік назардан тыс қалып қойған", - делінген хабарламада.

Осыған байланысты, прокуратура өкілдері еліміздің барлық азаматтары мен шетел азаматтарына заңмен тыйым салынған заттарды алып жүргені үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!