Үлкен Алматы шатқалына бару шектеледі - Ильин ескерту жасады

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин алматылықтарға Үлкен Алматы шатқалына бару шектелетінін ескертті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Биыл Аюсай мен Ақсай шатқалдарында сел ұстайтын екі бөгет құрылысын бастадық. Алматы тұрғындарына хабарым бар. Ең алдымен Алматы тұрғындары мен туристердің өмірі мен денсаулығы үшін жасалып жатқан құрылысқа байланысты Үлкен Алматы шатқалына баруға шектеулер енгізілетінін ескерткім келеді. Бұған түсінікпен қарау керек, өйткені бұл болашақта мегаполистің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді", - деді Ильин ОКҚ брифингінде.

Ол Алматыда арық желісі мен өзендерді тазарту жұмыстары да жүріп жатқанын атап өтті.

"Бүгінгі таңда қалаға қауіп төніп тұрған жоқ деуге болады. Неғұрлым қауіпті сел кезеңі шілде, тамыз, қыркүйек айларында қалыптасады. Бұл кезеңде біздің бөлімшелер профилактикалық бақылаумен айналысады", - деп түсіндірді министр.

Еске салайық, бұған дейін экоактивист Тимур Елеусізов Алматының Бостандық ауданы мен Іле-Алатау паркінің шекарасында бес мың ағаш кесілгенін айтқан болатын. Кейін Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасы ақпаратты растады, алайда олардың саны мен түрлері қазір анықталып жатыр. 

Сондай-ақ, ағаштар кесілген орнында Бостандық ауданындағы Аюсай өзенінің сағасынан төмен Үлкен Алматы өзенінің жоғарғы ағысында сел ұстайтын бөгет салынатыны белгілі болды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!