ҰҚК шетелдіктер үшін визасыз режим ұсыну асығыстық деп атады

Қазақстанның 30 елмен визасыз режимді қалпына келтіретіні туралы хабарлама мерзімінен бұрын қабылданған шешім болып шықты, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне (ҚР МСМ) сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі (ҚР СІМ) МСМ қолдауымен "Қазақстан Республикасына иммигранттардың келуінің (кетуінің) және болуының кейбір мәселесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 17 сәуірдегі № 220 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" (ҚРҮҚ) жобасын әзірледі және 23 қыркүйекте құзыретті мемлекеттік органдарға келісуге жіберді.

"Бүгінгі таңда аталған ҚРҮҚ жобасы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетін (ҚР ҰҚК) қоспағанда, мүдделі мемлекеттік органдармен келісуден өтті. ҚР ҰҚК ақпараты бойынша, қазіргі жағдайда 30 мемлекеттің шетелдік азаматтары үшін визасыз режимді мерзімінен бұрын қалпына келтіруге әзірге ерте", - деп хабарлады ведомстводан.

Мәдениет министрлігі ҚРҮҚ жобасын барлық мүдделі мемлекеттік органдармен мемлекетішілік келісу рәсімі аяқталғанға дейін "Құқықтық актілер туралы" ҚР Заңының және "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысының талаптарына байланысты тиісті қаулыны қабылдауды жеделдету мүмкін емес екенін атап өтті.

21 қыркүйекте Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 2021 жылы 30 мемлекеттің - Италия, Нидерланды, Франция, Германия, Испания, Жапония, БАӘ, Сауд Арабиясы, Кувейт, Польша, Дания, Чили, Венгрия, Корея, Чехия, Бахрейн, Катар, Монако, Кипр, Исландия, Финляндия, Мальта, Швеция, Португалия, Лихтенштейн, Словакия, Люксембург, Канада, Сингапур, Бельгия шетел азаматтары үшін визасыз режимді қалпына келтіруді мақұлдаған болатын.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!