Түркиялық туристер топтасып Қазақстанға демалуға келеді

Түркияның Анталия курорттық аймағында өткен халықаралық көрмеде Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

Халықаралық көрмеге 20 елден 2000-нан астам туристік бизнес өкілі жиналды. Қазақстан алғаш рет қатысты. Қазақстан делегациясының құрамында Complete Service, Skyway, Kompas турбизнесі, Алматы облысы туризм басқармасының және Kazakh Tourism АҚ өкілдері барды.

Қазақстан туроператорлары Түркияның ірі келу туроператорлары және болашақтағы ынтамақтастық жөнінде онлайн агенттіктерімен кездесті. Kompas туроператоры және tatilbudur.com, Gezinomi, Setur және басқа онлайн туроператорлар Түркістан, Астана және Алматы қалалары секілді Қазақстанның туристік дестинацияларына бірлескен туристік пакеттерді іске қосады деп жоспарланды.

"Бұл көрмеге қатысу келу туризмінің дамыту жоспарында болатын. Бүгінде біздің көптеген агент қазақстандықтарды шетелге жіберуге ғана емес, шетелдік туристерді қабылдауға қызығушылық білдіруде. Көрмеде кем дегенде 40 адамнан тұратын топ үшін әуе сапарларын, тұрақтану, көлік қызметтерін, экскурсиялар, тамақтану қосылған толық пакеттік турларды ұйымдастыруға келістік", – деді Touroperator Kompas-тың келу туризмі бөлімінің басшысы Софья Тастемирова.

Сонымен қатар, көрмені ұйымдастырушылар Complete Service компаниясының бас директоры Әбілхан Сәрсенбаевты екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастыққа елеулі үлесі үшін марапаттады.

"Біз екіжақты ынтымақтастықты дамытуды, туристерді қабылдау мен жіберуді әрі қарай да жалғастырамыз. Себебі Қазақстанда да туризм тұрғысынан көрсететін дүние жетерлік. Атап айтқанда, әртүрлі іс-шара, фестиваль, марафон, белсенді турлар, эко және этнотуризм бар", - деді Әбілхан Сәрсенбаев.

Түркияның келу туризм нарығы - Қазақстан үшін де маңызды нарықтардың бірі. Себебі Түркиядан келушілер саны жыл сайын өсіп, жылына шамамен 100 мың туристі құрайды. Салыстыра айтқанда, бұл көрсеткіш Германиядан Қазақстанға келушілердің санымен пара-пар. Әуе сапарларының артуын және жаңа бағыттардың ашылуын ескере отырып, бізге Түркиядан келетін туристер саны 2 есе көбеюі мүмкін.

"Нарықта Қазақстанның туристік пакетін таныту және дамыту бойынша ірі туристік холдингтермен алдын ала келіссөз жүргіздік. Қазақстан мен Түркияны мәдениет және тіл біріктіреді. Біз Қазақстанға келген туристерге мәдени турлар, қысқы туризм бағдарламалары, гольф және экотуризм, сити брейк ұнайды деген ойдамыз", - деп атады Kazakh Tourism өкілі Ғалымжан Сейілов.

Түркияның келу туризм нарығы бойынша жыл сайын 8,4 миллион адам шығады. Ал халықаралық туризмге 4,1 миллиард доллар жұмсала және бұл дамыған нарықтардың бірі болып саналады.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!