Түркиялық әуекомпания Алматы мен Анкара арасында рейстерді іске қосты, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі ААК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша үстіміздегі жылы шілдеде Қазақстан мен Түркияның авиациялық билігі Қазақстан мен Түркия арасында рейстер мен маршруттар санын ұлғайту жөнінде келіссөздер жүргізді.
Осы тапсырманың, сондай-ақ Қазақстандағы "ашық аспан" режимі шеңберінде ұшу географиясын одан әрі кеңейту және халықаралық рейстер санын ұлғайту жөніндегі жұмыстардың нәтижесінде бүгін 2022 жылғы 20 қарашада Turkish Airlines түрік авиакомпаниясының еншілес кәсіпорны "AnadoluJet" түрік бюджеттік тасымалдаушысының Алматы-Анкара жаңа бағытын ашу салтанатты рәсімі өтті", - делінген Азаматтық авиация комитеті баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Рейстерді "AnadoluJet" тасымалдаушысы аптасына 2 рейс жиілігімен В-737 үлгісіндегі әуе кемелерінде орындайтын болады.
AnadoluJet - түрік бюджеттік тасымалдаушысы,"Turkish Airlines әуекомпаниясының еншілес кәсіпорны. 2008 жылы құрылған. Бірінші халықаралық рейс 2020 жылдың 11 маусымында орындалды. Ыстамбұл қаласының Сабиха Гөкчен халықаралық әуежайында және Анкара қаласының Есенбога халықаралық әуежайында орналасқан. Әуе кемелері паркінде 59 Boeing-737 типті әуе кемелері бар. Түркияның, Еуропаның және Таяу Шығыстың 89 қаласына (41 ішкі және 48 халықаралық) 134 бағыт бойынша (69 ішкі және 65 халықаралық) ұшуды жүзеге асырады.