Туристерге Алматы облысы бойынша ұсынылатын бір күндік турлар

Кейде адамға серпілу үшін бір күннің өзі жеткілікті болады. Тек оны дұрыс өткізе білген жөн. Алматы облысында демалысыңызды жақсы жерде, көңілді өткізетін тамаша орындар көп. Zhetysu Travel туристерге ұсынылатын бір күндік турлар жөнінде айтып береді.

Бір күндік турлар Алматыға бір-екі күнге келіп, күнделікті күйбең тірлікті ысырып тастап, жай ғана демалып, бір серпіліп қайтқысы келетіндер үшін өте ыңғайлы. Мұндай бағдарламалардың тиімділігі: сіз көлік іздеу, бағдарды  зерттеу, жақсы орындарды табу сияқты ұйымдастыру жұмысына уақыт шығындап әуре болмайсыз.

Әдетте мұндай турлардың құнына көлікпен қамтамасыз ету, экскурсия жетекшісі - гидтің қызметі, ұлттық саябақтардағы экологиялық алым кіреді. Алматылық туристерге ұсынылатын бір күндік классикалық тур неден басталады? Ең алдымен, туристер жолға жұмсалатын уақыттың көлеміне байланысты таңғы сағат 7-8-дерде қалада жиналады. Жол бойы экскурсия жетекшісі баратын жер туралы қызықты мәліметтерді әңгімелеп, басқа да табиғаты көркем жерлерге аялдауды ұсынады. Негізгі орынға жетіп тоқтаған соң, туристерді бірнеше шағын лагерьлерге бөліп, түскі тамақты ұйымдастырады. Кешкі сағат 4-5-тердің шамасында топ қалаға қайтады.

Асы үстіртіне бір күндік тур

Асы үстірті Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында теңіз деңгейінен 2 750 метр биіктікте орналасқан. Асы жазығы Алматы қаласынан шығысқа қарай 75 шақырым жерден басталады. Көктемнің аяғында және жаз маусымында бірнеше ғасыр бұрынғы көріністі көз алдыңызға әкелетін, қойы мен жылқысы еркін жайылып жүрген шалғыны жайқалған жайлау мен тау бөктерінің табиғаты құлпыра түседі.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Amina S. (@aminka.slm)

Тұмса табиғатынан бөлек, үстірттің саяхатшыларды өзіне тарта түсетін тағы бір басты ерекшелігі - батыс бетінде орналасқан, сырт бейнесі әйгілі "чупа-чупс" сияқты Асы-Түрген обсерваториясы. Обсерватория 1975 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Астрофизикалық институтының күшімен салынған. 2009 жылы обсерваторияға Асы деген заманауи атау берілді. Ғимараттың төбесінде орнатылған екі телескоп аспан денелері туралы пайдалы мәліметтерді жинақтаумен айналысады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Alfiya Tokhtakhunova (@alfiya.tokhtakhunova)

Үстіртке шамамен 2-2,5 сағатта жетеді. Жолшыбай саяхатшыларға Кіші Түрген және Шын Түрген өзендерінің тоғысқан тұсындағы көрінісі көркем жерге аялдауды ұсынады. Ары қарай туристер тобы Асы үстіртіндегі қарау алаңқайына жетіп, аспан әлемін бақылауға мүмкіндік алады. Сағат 4-те топ қалаға қайтады. Туристік агенттіктерде мұндай турдың бағасы әртүрлі: бір адамға 6000 теңгеден басталады. 

Түрген шатқалына бір күндік тур

Түрген шатқалы Алматыдан 70 шақырым жердегі Іле Алатауы ұлттық паркінде орналасқан. Тамылжыған табиғат аясындағы алма бақтарының арасында атқылап жатқан денсаулыққа шипалы ыстық бұлақтар, таудан құлай аққан сарқырамалар мен тамаша көріністерге куә боласыз.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Диана (@diana_panasekina)

Туристік агенттіктер бір күндік тур аясындағы әртүрлі бағдарламалар ұсынады. Шатқалда Қайрақ, Аюлы, Жартасты сарқырамалары, бұлақтар, этноауыл сияқты баратын орындар жетерлік. Алма және жүзім бақтарында табиғи шырындар мен шараптарды сатып алуға болады, ал форель шаруашылығында судан балық аулап, сол жерде қуырып жеуге жағдай жасалған.

Таңдаған маршрутқа байланысты баға да өзгеріп тұрады. Түрген шатқалына бір күндік турдың орташа бағасы - бір адамға 7000 теңгеден келеді. Бұл сомаға комфортабельді автобуспен жол жүру, тәжірибелі экскурсия жетекшісі - гидтің қызметі, экологиялық алым, кіру билеті, кейбір агенттіктерде жеңіл тамақ кіреді.

Шарын өзенінің шатқалына бір күндік тур

Мұнда туристерге төрт жерге бару ұсынылады. Шарын шатқалы Алматыдан 200 шақырым жерде орналасқан. Ұзындығы 400 шақырым болатын Шарын өзенінің төңірегіне табиғат өзінің тамаша "қолтаңбасын" қалдырған. Жолдың ұзақтығы бір жағына жеткенше 3-4 сағатты құрайды. Мұндай турдың бағасы 6000 мың теңгеден жоғары.

Туристер тобына шетенді тоғайға тоқтауды ұсынады. Мұнда шатқал ерекше қызыл түске боялған. Оның себебі - топырақтың құрамында темірдің мөлшері өте көп. Бұл жерде  серуендеп, түскі тамақ ішуге болады.

Топтың екінші аялдамасы - Айлы шатқал. Оның бұған дейінгі шатқалдан айырмашылығы - топырағының құрамы саз балшықтан тұрады. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Almaz Zhezovsky (@knowing6407)

Үшінші мекен - Торайғыр тауының шығыс бөлігіндегі жотасында орналасқан Құртоғай шатқалының қарау алаңқайы. Оның беткейлеріндегі бағана, ернеу, текше тас түрінде қашалып қалған плиоценді шөгінділер ерекше көзге түседі. 

Төртінші аялдама - Қамалдар алқабы. Оны көбінесе сұлулығы мен айрықша түріне қарап, Колорадодағы Гранд шатқалымен салыстырып жатады.

Көлсай көлдері мен Қайыңдыға бір күндік тур

Көлсай көлдері - Қазақстандағы ең ғажап жерлердің бірі. Қазақ тіліне аударғанда "көлдер шатқалы" деген мағынаны білдіреді. Алматыдан 300 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерді тамашалау үшін бір күн аздық етеді, себебі жолдың өзіне бес сағатқа жуық уақыт кетеді. Алайда көзіңмен көрген сұлулыққа жететін ештеңе жоқ.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Sergazina Ayazhan Tulegenovna (@_sergazina_)

Туристерге Төменгі Көлсай көлінің айналасында серуендеу ұсынылады. Айнадай жарқыраған айдын көлдің бетінде айналасындағы сұлу табиғаттың бейнесі ап-анық көрінеді. Бұл жер велосипедпен немесе атпен серуендеуге қолайлы.

Ары қарай Қайыңды көлінің айналасындағы серуенмен жалғасады. Бұл жер бір кездері жер сілкінісінен кейін осы жерде болған қалың қарағайлы орманды су басудың нәтижесінде пайда болған деседі. Ағаштардың діңдері әлі күнге дейін судың арасынан шығып тұр. Өзен суының тұнықтығы соншалық, жағада тұрып-ақ су астындағы орманды көруге болады. Өзеннің тереңдігі - шамамен 15 метр.

"Алтын емелдегі" әуезді бархандарға бір күндік тур

Ән салып тұрған бархандарға саяхат жасау наурыз айынан басталып, қараша айына дейін жалғасады. Ашық түсті құмдардан түзілген таудың ұзындығы 3 шақырым, ал биіктігі 150 метр болады. Құмтаулар "Алтын емел" ұлттық паркінің аумағындағы Үлкен және Кіші Қалқандардың қырларының арасында, Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 183 шақырым жерде орналасқан.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Лаура (@isa.laura)

Бұл мекен тәуелсіз швейцариялық ұйымның "Табиғаттың жеті жаңа кереметі" бүкіләлемдік байқауының номинанттары тізіміне енген. Құмтау кейде жай сыбырлап тұрғандай, ал кейде оның "әуезді әні" ұшақтың гүрілімен бірдей. Ол туралы аңыз-әңгімелер де жетерлік. Мысалы, құм арасында Шыңғысханның сүйегі жатыр деседі. Ол өзін ұмыттырмас үшін, арасында осылай дыбыс шығарып қояды-мыс.

Құм шағылдардың төбесінен қарлы таудан домалағандай, сырғанап түсуге болады. Экзотиканы жаны сүйетіндер мұнда 40 градус ыстықта шаңғыларымен келеді екен. Қалаға қайтар жолда Шоқан Уәлиханов бұлағының басына аялдау жоспарланған. Турдың құны - 6000 теңгеден басталады.

Сапарға шыққанда, өзіңізбен бірге жеке басыңызды куәландыратын құжат, антисептик, қажетті дәрі-дәрмектер, тамақ, су, жылы күрте, артық шұлық, бас киім, күннен қорғайтын көзілдірік ала шығуды ұмытпаңыз. Саяхатқа киіп шығатын киіміңіз бен аяқкиіміңіздің ыңғайлы болғаны абзал. Таудағы ауа райы құбылмалы, сондықтан жаңбырға киетін жадағай ала шыққаныңыз дұрыс.