Туристер Алакөлге рейстердің кеш ұшуына шағымданды

Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласындағы әуежайдың кеш іске қосылуына қазақстандықтар риза емес, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

Жақында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Үшаралдағы әуеайлақты пайдалануға сертификат берді. Алайда қазақстандықтар бұл жаңалыққа күмәнмен қарады. Демалушылардың айтуынша, Жетісудың інжу-маржанына баратын рейстер өте кеш іске қосылды.

"Туристік маусымның қызуы өтті. Тамыз келді, су салқын. Мен мұнда көлікпен келдім. Жол, әрине, жарап тұрған жоқ. Барлық жерде айналма жолдар бар. Биыл аяқталады дегені жайына қалды. Маусымның басында, демалысты жоспарлаған кезде, отбасымен Алакөлге ұшақпен ұшамыз деп ойладым. Өйткені, олар жаздың басында іске қосуға уәде берді. Енді мәнісі жоқ, бұдан бәрібір адам көбеймейді" - дейді демалушылардың бірі Айдын Алдияров.

Шынында да, Алакөлде әуе айлағын іске қосу туралы жаңалық шілде айының басында болды. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Алайда рейстер тек тамызда ашылды.

Жетісу облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы әуежайды қайта құрудың тамызда аяқталуы өте жылдам және жақсы нәтиже деп санайды.

"Келісімшарт бойынша мердігер ұйым 2022 жылдың соңына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтауы керек еді. Олар тамызда аяқтады, яғни мерзімінен бұрын. Бұл жөндеу емес, әуежайды қайта құру екенін түсіну керек. Жаңғырту шеңберінде ұшу-қону жолақтары мен рульдеу жолдарын, перронды қайта жаңарту, жарық-сигналдық жабдық, периметрлік қоршау орнату және басқа да жұмыстар көзделген. Менің ойымша, бұл жақсы нәтиже, біз барлық жұмысты тамызға дейін аяқтадық", - деді Ғалымжан Дәрібаев.

Ол Үшарал әуежайын қайта құруға бюджеттен 9 миллиард теңге бөлінгенін, ал әуе айлағын жаңғырту 2021 жылдың қыркүйегінде басталғанын айтты.


Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!