Тараз - Қазақстанның ежелгі қалаларының бірі. Оған көп жағынан біріншілік беріледі: алғашқы мегаполис, Қазақстанда салынған алғашқы мешіт, алғашқы медресе және т.б. 2011 жылдан бастап қалада қазба жұмыстары қайта басталды. Бұл дегеніміз, археологтарға ежелгі қаланың құпия-сырларын ашуына мүмкіндік туды деген сөз. Kaz.tengritravel.kz саудагерлердің, әуесқойлардың және қолөнершілердің мекені болған ежелгі Тараз қаласына саяхат ұсынады.
Тараз қаласының негізін кім қалады?
Қазіргі Тараз қаласының асфальт жолының астында көне қаланың 2 мың жылдық тарихы жатыр. Қала көптеген қанды қақтығыстар мен соғыстарды бастан өткерген, небір құпия-сыр мен таңғажайып махаббат хикаяларын жадына сақтаған, Қазақстандағы ислам мәдениетінің тал бесігі. Орта ғасырдың ұлы ақындары - Хафиз, Омар Хайям, Руми және басқалар өз шығармаларында Таразды жырлаған. Қала көптеген ірі тайпалардың орталығы – қаркөл, түргеш және қараханидтердің астанасы болды. Қаланың қашан құрылғаны беймәлім. Бұл біздің дәуірімізден бұрын болған деген болжам бар.
Тараз Ұлы Жібек жолынан да бұрын болған деген деректер бар. Мұны Қытай дереккөздері растайды. 138 жылы алғашқы елшілік керуені Қытайдан Батысқа жол тартқан. Ол Батыстың беймәлім елдеріне император У Ди сапарға аттандырған ханзада Чжан Цзяньді бастаған керуен болатын. Керуен Қытайдың орталығынан Орталық Азияға өтіп, Ұлы Жібек жолының негізін қалады. Бұл керуен біздің Қазақстан туралы алғашқы естелікке ие. Алайда ғалымдардың пайымдауынша, бұған дейін де Талас жағасында қала болған.
Тарихи әдебиеттерде мұндай факт біздің заманымызға дейінгі 46 жылы солтүстік ғұндардың көсемі Чжичжидің қаңлылардың үйсіндерге қарсы одақтас болуға шақырылғандығы айтылады. Алайда одақ көп ұзамай ыдырайды. Ал Чжичжи әскерін Таластың бастауына апарып, цитадельмен және екі қорғаныс қабырғаларымен (сыртқы ағаш және мұнаралары бар ішкі жер) жасалған қамал тұрғызды. Екі жыл ішінде күн сайын құрылыс алаңында 500 адам жұмыс жасады. Құрылысты аяқтағаннан кейін, Чжичжи көршілеріне, оның ішінде өзінің бұрынғы ата жауы - Қытайға да қарақшылық шабуыл жасай бастады. Чжичжидің Қытайға басып кіру қаупінің жоғарылауына алаңдаған император әскерлерін Талас өзеніндегі бекініске көшірді. Оған үйсіндер мен қаңлылар қосылды. Одақтастар бекіністі қоршап алды, сыртқы қабырғаны өртеп, ішкі жағын сындырып, қорғанға кіріп, шабуылда аман қалғандардың бәрін тұтқындады. Чжичжи мен оның бүкіл отбасын және көптеген туыстарының (бір жарым мың адам) бастары алынды. Чжичжидің басы императорға жіберілді, ал қарапайым тұтқындар құлдыққа берілді.
Талас өзеніндегі бұл қамал қандай болды? Ол қазіргі Тараздың ежелгі орны ма? Ол кезде қалаға қанша уақыт болған? Ғалымдар Чжичжи бекінісі Тараздың негізін қалаушы болды деп сенуге бейім, бірақ мұны растайтын сенімді деректер әлі табылған жоқ. Біз әзірге деп айтамыз, өйткені ежелгі қоныс орнында қазба жұмыстары жалғасып жатыр және бұл болжам жақын арада расталуы мүмкін. Қазіргі уақытта қаланың ежелгі дәуіріне қатысты барлық күмәнді сейілтетін, біздің дәуіріміздің бірінші ғасырларына қатысты жарты метрлік қабат табылды.
Өзінің 2 мыңжылдық тарихында Тараз көптеген оқиғаларды бастан өткерді – қаланы түгелімен ағызып әкеткен су тасқынын да, аяусыз соғыстарды да, мамыражай кезеңдерді де. Осында дерек бойынша, түрік қағаны Дизабулдың 568 жылы Византиядан стратег Земарх бастаған II Юстинианның елшілерін қабылдағаны белгілі. Олар ежелгі қалада жауларына қарсы әскери одақ құру, жібек саудасы және т.б. бойынша шешім қабылдады. Қала Ұлы Жібек жолының бойындағы негізгі нысандардың бірі болды.
Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен саудагерлер ағылып жатты, ал Талас жағасында шебер жібек тоқушылар еңбек етті. Шежірешілердің айтуынша, олардың жібегі алтынмен өрілген қытай және үнді өрнектерінен, тіпті Византия күлгінінен кем түспеді. Керуен саудасы кезінде зергерлік өнері жоғарғы деңгейге жетті. Өнімдерді соғу және құю арқылы жасауда Тараз қолөнершілері тең келер ешкім болмады. Түркістандағы Ахмед Ясауи кесенесінің салт-дәстүрлі қазандығы осы күнге дейін қажылық жасаушыларды өзінің әсемдігімен және көркемдігімен таң қалдырады.
Қала өзінің ең жоғарғы өркендеу деңгейіне Х-ХІІ ғасырларда, қараханидтер Таразды өзінің астанасы еткен кезде қол жеткізді.
Балшықтан жасалған су құбырларының керемет желісі, архитектуралық құрылыстардың қалдықтары, кірпішке толған көшелер, сонымен қатар қазба жұмыстары кезінде табылған шеберлердің көптеген жұмыстары ежелгі қаланың ұлылығының куәсі.
Бүгін сіз барлық осы мұраны 2015 жылы ашылған "Ежелгі Тараз" саябағында тамашалай аласыз.
Қазақстандағы алғашқы мешіт туралы
Қарахандықтар ислам дінін бірінші болып қабылдады. 2006 жылы Қарахан кесенесіне жақын маңда табылған Х ғасырда салынған елдегі алғашқы мешіттің қалдықтары осыған дәлел болады. Бұл кез келген басқа ғимарат емес, мешіт екені дәлелденген. Мұны араб үлгісі бойынша салынған колонналар және михраб (ғимарат ішіндегі қабырғаның текшесі) батысына қарағанынан-ақ түсінуге болады. Дегенмен, мешіт болғанға дейін тарихшылар бұл христиан, дәлірек айтқанда несториан ғибадатханасы болды деп есептейді. Оны VI-VII ғасырларда тұрғызған, кейін іргетастың үстіне ислам ғибадатханасын тұрғызған.
Бұл мешітті кім салды? Ғалымдар бірауыздан саманидтік билеуші Исмаил ибн Ахмед салды деген шешімге келген. Ол 893 жылы қаланы басып алып, жергілікті халықты исламға бет бұрғызды. Бүгінде қалпына келтірілген нысан Тараз қаласының аумағында ашық аспан астындағы мұражай болды және көптеген туристердің көз қуанышына айналды.
Қарахан және Айша-бибі аңызы. Махаббат кесенесі
Таразды мәңгілік еткен Қараханид билеушісі мен оның жауының қызы арасындағы ерекше махаббат оқиғасы. Аңыздарға сәйкес, Ша-Махмұд Бұғра Қарахан жас кезінде өзінің қас жауының қызы Айша есімді сұлуға ғашық болған. Қыздың әкесінің батасын ала алмасын біліп, Қарахан батыр ауылға баса-көктеп кіріп, өзінің сүйіктісін алып қашқан. Әкесі олардың артынан нөкерлерін жіберіп, екеуін де өлтіруді бұйырған. Ғашықтар қуғыннан ұзақ уақыт бойы қашқан. Бірнеше күн бойы шапқаннан кейін, олар аялдаған жерде қыз Асу өзенінде шомылуға бел буған. Әкесінің нөкерлері оларды осы жерде аңдып отырған. Олар қыздың бас киіміне - сәукелесіне - улы сұр жыланды салып жіберген. Айша-бибі есінен танып қалған, оның өлетіні анық болған. Осы кезде Қарахан батыр қызды қолына алып, жақын маңдағы ауыл молдасына барып, некелерін қиюды сұраған. Олардың отбасылық бақыты тек бірнеше минутқа созылған. Айша батырдың қолында қайтыс болған. Сол сәттен бастап Қарахан оны мәңгі сүйіп өтуге уәде береді. Кесененің маңында өзі өлгеннен кейін сүйіктісімен бірге болу үшін Қарахан өзіне мазар салған.
Ғашықтарды 12 шақырым бөліп тұр. Ал кесенелердің бір ерекшелігі күннің соңғы сәулесі екеуіне де бірдей тиеді. Қарахан 95 жас жасады, оның 15 жылын мінәжатқа арнады. Бүгінде екі кесене де - Қарахан және Айша-Бибі кесенелері Таразда орналасқан - XI-XII ғасырлардың сәулет өнерінің тамаша үлгілері.
Тылсымға толы Тектұрмас
Қала тарихының тағы бір көрнекті нысаны - Тектұрмас - XIV ғасыр ескерткіші. Көптеген адамдар Таразда экскурсияны осы жерден бастайды. "Тектұрмас" сөзінің мағынасы "тектен-тек тұрмаған тау" дегенді білдіреді. Бұл жерде Сұлтан Махмұд хан жерленген деп есептеледі. Аңыздардың бірі бойынша ол жергілікті әулие, екіншісі – Қараханидтер әскерлерінің Бас қолбасшысы болған. Кесене ХХ ғасырдың басында толық қиратылғанына қарамастан, сақталған суреттер бойынша оны қалпына келтіруге мүмкін болды. Аңыз бойынша, Тектұрмас ХІ ғасырда өмір сүрген, шебер әскербасы ретінде танылған, ер жүрек батыр, сонымен қатар ислам миссионері болған. Оның шын есімі – Сұлтанмахмұт Шах, ал Тектұрмас деп оны халық атаған. Ол өте дамылсыз адам болды, барлығын бақылауда ұстап, жиі тексерулер жасайтын болған. Сондықтан халық былай дейтін болған: "Қараңыздар, тағы да тынымсыз Тектұрмас келе жатыр". Жылдар өте оның осы лақап аты бекіген. Тектурмас қайтыс болғаннан кейін Жібек жолының тоғыз жолдың торабы болып саналатын жер тылсым ерекшеліктерге ие болды.
Шежірешілердің айтуынша, сауда керуендері осы жерге жақын маңда еш себепсіз жиі тоқтайтын болған. Тек Құран оқып, белгілі бір салт-дәстүрлерді орындағаннан кейін ғана олар өз жолын жалғастыра алатын болған. Тектұрмас Қазақстанның киелі ескерткіштеріне жатады. Бұған ғылыми түсініктеме де бар - зерттеулер нәтижесінде осы биіктіктен меридиан сызығы өтеді екен. Таңғы намаз уақытында осы жерден ерекше әуендерді жиі естуге болады. Тағы бір нұсқасы бар, музейдің іргетасының астында үңгір бар, ол Ақыртасқа баратын түнелдермен жалғасады. Алайда әзірге оны ешкім таппаған.
Ежелгі қала бойынша экскурсия
Тараз бойынша экскурсия әдетте күні бойына созылады. Осы аталған кесенелер мен мешіттерден басқа, туристерге Бабажы-қатын кесенесіне (Айша-бибі тәрбиешісі), ортағасырлық Қали Жүніс моншасына, Әбдіқадар мешітіне, керуен-сарайдың қалдықтарын және тағы басқа көптеген дүниелерді көруге ұсынылады. Бұл ескерткіштердің көпшілігі Тараз үшін "алтын ғасыр" дәуірінде - қараханидтер билеген X-XI ғасырларда салынған.
Өкінішке орай, гүлденуден кейін қала бірнеше ғасырлар бойы ұмыт болған. 1220 жылы Тараз Шыңғысхан әскерлерімен қоршалып, іргетасына дейін қиратылған. Тек XVIII ғасырдың соңында ғана оның қираған орнында өмір қайта жанданды - бекініс салынды және жаңа қаланы тез тұрғыза бастады. Өзінің қарқынды тарихында Тараз көптеген атаулар ауыстырды: XIX ғасырдың басында оны Наманған-көше, сол ғасырдың соңында Әулие-Ата деп атаған. XX ғасырдың адамдарына қала Жамбыл атымен танымал. Алайда, бірнеше жыл (1936-1938 жылдар аралығында) Тараз сондай-ақ Мирзоян деп аталды. Ақырында 1997 жылы қалаға оның тарихи атауы – Тараз қайтарылды. Оның көпғасырлық тарихы басталған атауы. Неге Тараз?
Бір нұсқа бойынша, арабтар жерді осылай атаған, тіл ерекшелігіне байланысты Талас сөзі Тараз болып дыбысталған. Басқа бір нұсқаға сәйкес, Тараз қазақ тіліндегі "таразы" сөзінен және халықаралық сауданың өркендеуінен пайда болды. Қала Ұлы Жібек жолының дала маршрутының торапты орталығы болды, ал сауда таразысыз мүмкін емес. "Тараз" сөзі нені білдірсе де, анығы - бүгінгі таңда Қазақстан қалаларының тарихи мұрасы тұрғысынан ең көне және ең бай қалаларының бірі.
Қалада бірнеше күн ғана емес, бұл мұраны зерттеу үшін бірнеше ай бойы өткізу керек. Тараз қаласының туристік фирмалары бірнеше турларды ұсынады: "Тараз және облыс бойынша экскурсия", "Махаббат пен адалдық ескерткіштері", "Құпияға тұнық Ақыртас", мектептік экскурсиялар. Барлық турлардың құны бір адамға 1 200 теңгеден басталады. Баға топтағы адамдардың санына және қозғалу тәсіліне байланысты, бұл көптеген саяхатшыларды тартады.
Мәтін мен сурет Әлібек Бегалинов