Солтүстік Қазақстан облысындағы ең жақсы демалыс орындары аталды

Фото @mariagordastyle

Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан аумағының 3,6 пайызын алып жатыр. Сондай-ақ облыс табиғи ресурстарға бай. Көлдер, ормандар, шыңдар, көптеген мұражайлар, әсем бақтар - мұнда туристерге ұнайтынның бәрі бар. Kaz.tengritravel.kz порталы Aviata.kz сервисімен бірге облыстағы ең жақсы демалыс орындар туралы баяндайды.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан аумағының 3,6 пайызын алып жатыр. Сондай-ақ облыс табиғи ресурстарға бай. Көлдер, ормандар, шыңдар, көптеген мұражайлар, әсем бақтар - мұнда туристерге ұнайтынның бәрі бар. Kaz.tengritravel.kz порталы Aviata.kz сервисімен бірге облыстағы ең жақсы демалыс орындар туралы баяндайды.

Имантау-Шалқар курорттық аймағының табиғаты Бурабай ұлттық саябағына өте ұқсас. Алайда, Имантау мен Шалқар көлдерінің курорттық аймағы тыныш, сондықтан сіз мұнда көптеген туристерді таба алмайсыз. Осындай артықшылыққа ие. 11 қабатты үйдің биіктігіне тең келер тау жоталары мен қарағайлар бар.

Реклама
Реклама

Шалқар көлі

Шалқар - тұйық көл, бірақ оның құрамы теңіз суына ұқсайды. Оның суы емдік болып саналады. Жағалаудың оңтүстік бөлігі қылқан жапырақты ағаштармен жабылған жартасты жерлермен ерекшеленеді. Сонымен бірге жағалау шығыс жағында құмды болып келеді. Су қоймасы Көкшетау көлдерінің тобына кіреді, бірақ Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Оның ұзындығы - 12, ал ені үш шақырым. Тереңдігі 15 метрге жетеді.

Имантауды Солтүстік Қазақстанның жүрегі деп атайды, су қоймасының ортасында ол сондай пішінді бейнелейді. Бұл аралда ешкім өмір сүрмейді, бірақ оған қайықпен барып, ормандағы жидектерді жинай аласыз. Жағалаудан аралға дейінгі қашықтық төрт шақырым. Сіз бұл жерге меншік қайығыңызбен немесе жалға алып та келуге болады. Қос қайықты бір күнге жалға алу шамамен 3000 теңге тұрады. Жағалауда яхталар, гидромотоциклдер мен катамарандарды жалға беретін бірнеше демалыс аймақтары бар.

Қызық дерек

Имантау көліндегі аралды жергілікті тұрғындар казак аралы деп атайды. Имантау ауылының ескі тұрғындарының айтуынша, XIX ғасырдың басында аралда Имантав, Веселое және Арықбалық ауылдарының казактарының жиыны өткен екен. Аралды оңтүстік және солтүстік жағынан жағалау аймағымен екі мүйіс байланыстырды, олардың бойымен сол кездері (1905 жыл) атпен жүруге болатын. Алайда уақыт өте келе аралмен байланыс үзілді. Тек Казачий деген атау ғана қалды.

Имантау көлі

Имантау көлінің ұзындығы 13 шақырымнан асады, ені беске жуық. Максималды тереңдігі 10 метрден асады. Суы тұщы, онда жүзуге және балық аулауға болады. Мұнда сіз шабақ, аққайран, алабұға, шортан, жылтыр тұқы, мөңке балық және шаяндарды көре аласыз. Имантау аттас тауы су қоймасына іргелес орналасқан, және сол аттас ауыл оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан.

Жазда демалыс орындары туристерге барлық жағдай жасалған және тамақтандыру қарастырылған үйлер мен пансионаттарды ұсынады. Бағасы бір адамға тәулігіне 5000 теңгеден басталады. Демалыс орындарының болуына қарамастан, көптеген адамдар орманда жабайы демалысты немесе шатыр құрғанды жақсы көреді. Маусымнан қыркүйекке дейін мұнда жылы, судың температурасы 20-25 градусқа дейін көтеріледі. Имантау-Шалқар курорттық аймағының бар әсемдігін көру үшін туристерге атқа міну, велосипед тебу немесе жаяу серуендеу ұсынылады. Ең жақсысы - қайықпен жүзу. Мұнда туристерге ауыл шаруашылығы турлары ұсынылады, онда қонақтар халықтың өмірі мен мәдениеті таныстырылады, сіз шопанның отбасына барып, құрт жасау бойынша мастер-класс ала аласыз.

"Көкшетау" ұлттық табиғи саябағы

Имантау-Шалқар курорттық аймағы "Көкшетау" деп аталатын ұлттық саябақта орналасқан. Ол екі облыста - Ақмола мен Солтүстік Қазақстанда орналасқан. Саябақтың аумағы көгілдір көлдерден және биіктігі 1500 метрге дейінгі көк таулардан тұрады.

Ұлттық саябақта қонақтар әр түрлі туристік бағыттарда серуендей алады: Айыртаучик көлі, Ақан сері шоқысы, "Бирюзовая волна", Ботай қонысы, дендрологиялық парк, тау шоқылары, "Зеленый мыс". Туристік бағыттарда жүрудің бірнеше түрі жаяу, велосипедпен, атпен немесе қайықпен қарастырылған.


Сурет "Көкшетау" ұлттық табиғи саябағынан

Туристік бағыттар туралы Көкшетау ұлттық саябағының туризм бөлімінің қызметкері Юрий Козаренко баяндады.

"Айыртау филиалында екі бағыт бар. Олар біріктірілген - жаяу және автокөлікпен. Барлығы қазір бізде 14 соқпақ (жаяу, велосипедпен және атпен жүру) және бес бағыт бар. Арықбалық филиалында төрт сүрлеу жол және екі бағыт қарастырылған. Шалқар филиалында бес соқпақ, бір бағыт бар. Бағасы - 500 теңге. Гидке бөлек төленеді - 325-220 теңге. Велосипедті жалға алу, жаяу жүргіншілерге арналған трассалар мен басқа да қызметтердің бағасын сайттан табуға болады", - дейді ол.

Қызық дерек

"Көкшетау" ұлттық табиғи саябағының ауданы 182 076 га-ды құрайды, бұл Африканың оңтүстігіндегі бүкіл штаттың аумағы Маврикийге тең келеді.

Ұлттық саябақ пен курортқа қалай жетуге болады?

Ең жақын теміржол вокзалы - Көкшетау. Сіз Көкшетау қаласынан R-231 тас жолының бойымен бір жарым сағатта автокөлікпен жете аласыз. Сонымен қатар, тұрақты автобуспен Имантау немесе Шалқар ауылына жетуге болады. Имантау ауылынан 300 метрден кейін демалыс орталықтары басталады. Ал Шалқардан ұлттық саябақтың бақылау бекетіне таксимен немесе жаяу жету керек. Дәл сол жерде, бақылау-өткізу пунктінде сіз кіру ақысын төлейсіз, ол - 350 теңге және қалаған соқпақ жолды немесе бағытты таңдайсыз.

"Абылай хан резиденциясы" мұражай кешені

Қазақ ордасының ханы Абылай (Әбілмансұр) - қазақ хандығы тарихындағы көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі. Есіл өзенінің бойындағы Әулие Петр бекінісінің маңында ханға арналып ағаш үй 1765 жылы ағаш үй салынған. Оның орналасқан жеріне байланысты әр түрлі болжамдар бар. Ол бойынша, үй бекіністен төрт шақырым қашықтықта, Есіл өзенінің жоғарғы жағында орналасқан.


Сурет visit.sko.kz сайтынан

Абылай ханның ұлы Уәли Орта жүздің ханы болды, оған қазіргі Петропавл аумағында екі қабатты тас үй салынды. Бұл Орта жүз ханының қысқы резиденциясы болды, ол жергілікті тарихшылардың пікірінше таудағы алғашқы және жалғыз ғимарат болған.

Мұражай кешеніне: Абылай ханның үйі, оның кеңсесі, келушілерге арналған үй, монша кіреді. Орналасқан жері - Петропавл қаласы, Сутюшев көшесі, 1б. Ол жерге 6, 7, 23 автобустарымен жетуге болады. Жұмыс уақыты: 10.00-ден 19.00-ге дейін. Дүйсенбі - демалыс күні. Облыс мұражайларына кіру тегін. Мұражай кешенінің орнында сіз 3D тур қызметін пайдалана аласыз.

Ботай қонысы

Иман-Бұрлық өзенінің жағасында 40 жыл бұрын ғалымдар Ботай қонысының алғашқы деректерін тапты. Бұл жерде туристерді тартатын музей-қорық салу жоспарлануда.

Ботай тұрғын үйлері жер үстіндегі үйлердің көне үлгілерінің бірі болып табылады. Осы аумақта жұмыс істеген жылдарда археологтар 15 мың шаршы метрден астам жерді ашты, 100-ден астам тұрғын үйді зерттеді, 200 мыңнан астам жәдігерлер мен көне жануарлардың он мыңдаған сүйектерін тапты, табылған сүйектер жылқы жануарына тиесілі.

Қызық дерек

Ботай тұрғындары алғашқылардың бірі болып "консервы", "қақталған ет" жасаған. Ет үш метр тереңдікке түсіріліп, үстіне тастар төселіп, от жағылды, осы жерде кемінде бір ай от жағып отырды. Оттегі жанып кетіп, ет бабына келеді. Сосын етті жолға немесе жайлауға өздерімен бірге алып жүрді.

Әлемдік ғылыми қауымдастық Ботай қонысын сенсация деп таныды, өйткені дәл осы жерде, Солтүстік Қазақстан аумағында жылқының алғаш қолға үйретілгені дәлелденді. Сонымен қатар, жәдігерлерді зерттеу ғалымдарға б.з.д. V-IV ғасырларда өмір сүрген адамдардың өмірін, мәдениеті мен өмірін жақсы түсінуге көмектесті.

Қазақстандағы Карс қақпасы

Есіл өзенінің ортасында, Новоишимское ауылына жақын жерде ерекше орын бар. Ол Ресейдегі Карс қақпасы жерінің құрметіне осылай аталған.


Фото Әсем Қабаева

Қазақстандық "Карс қақпасы" Есіл өзенінің бойында, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда, Бірлік ауылының оңтүстігінде, Ұлыкөлден жақын жерде орналасқан. Білетін адамдар әсемдігі жағынан ресейлік Карс қақпасынан кем түспейді дейді.


Фото Әсем Қабаева

Қарасай батыр мен Ағынтай батыр мемориалдық кешені

Мұнда, Айыртау ауданында биіктігі 16 метрлік екі күмбезі мен ортасында мешіті бар тарихи орын бар. Бұл күмбездер екі мықты жауынгер - Қарасай батыр мен Ағынтай батырды бейнелейді.


Сурет qazaqstan3d.kz сайтынан

Аңыз бойынша, XVII ғасырда Шапырашты руынан Қарасай батыр мен Арғын руынан Ағынтай батыр жерді басқыншылардан қорғаған. Қарасай Есім хан әскерін басқарып тұрған кезде небәрі 18 жаста еді. Батырлар 48 жыл өмірлерін шайқасқа арнап, 200-ден астам жорықты бастан кешірген. Мемориалдық кешен 1999 жылы 15 қазанда тұрғызылды. Енді бұл Қазақстан халқының достығы мен бірлігінің белгісі.

Петропавл турагенттігінің бірінің менеджері "Ұлы бабалар елі" туры аясында қонақтар Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесі мен Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғанымның мұражайынаа бару ұсынылатынын айтты.

"Біз туристерді автобуспен тасымалдаймыз. Бағасы - 11000 теңге. Экскурсияға тамақтану, бару және кері қайту, кесенені тамашалау кіреді. Таңертең жетіде шығу керек", - дейді "Прогресс" турфирмасының менеджері.

Сергеев су қоймасы

Бұл су қоймасы Қазақстанның солтүстігінде Есіл өзенінің бойында орналасқан. Ол 1969 жылы құрылған. Оның ұзындығы 75 шақырым, ені 8 шақырымға жетеді, ал жағалау сызығының ұзындығы 246 шақырымды құрайды.

Жазда демалуға болады: бассейндер, катамарандар, қайықтар, сондай-ақ спорт алаңдары бар. Түнеу бағасы 3000 теңге, 25 адамға арналған үй 30 мың теңге болады.

Бұл аймақтың демалыс орындары қыста туристерді қызықтырады, өйткені демалыс орталықтарының инфрақұрылымы ұзын шаңғы жолы бар үлкен аумақты, үлкен мұз айдыны мен ат жалдап серуендеуді қамтиды. Суықта ашық ауада демалуды жақсы көретіндер үшін таптырмас жер.

Шоқан Уалиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайы

Мұражай Сырымбет ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай төрт шақырым жерде орналасқан. Оның ауданы 4 030 шаршы метрден асады. Оған қонақ бөлмесі, мектеп, мешіт, диірмен, қызметшілерге арналған көппәтерлі үй, моншасы мен қосалқы құрылыстары бар үй кіреді.


Фото @Клуба путешественников Almaty Nomad

Айғаным жекежайы жиһазбен және өткен ғасырлардағы интерьер заттарымен жабдықталған. Шоқан Уалихановтар отбасына тиесілі бірнеше заттар бар: шежіре ағашы, шынайы піл сүйегі, әйгілі қазақ этнографының қолжазбалары, кітаптар мен құжаттар. Бұл мұражайда барлығы 8400 жәдігер бар.

Уәлихановтардың отбасылық жекежайы 1824 жылы 30 сәуірдегі Ресей императоры I Александрдың жарлығымен және Батыс Сібір генерал-губернаторы Петр Капцевичтің бұйрығымен Уәли ханның жесірі Айғанымға арнап салынды. Жекежай ресейлік инженерлердің сәулет жобасы бойынша салынған. Демек, Уәлихановтар отбасының отбасылық жекежайы сыртқы жағынан XIX ғасырдағы ресейлік помещик меншігіндегі жекежайға ұқсайды.

Мыңкесер көлі

Солтүстік Қазақстан облысында үш жарым мыңнан астам түрлі көлдер бар. Осылардың ішінде емдік қасиеті бар Мыңкесерді ерекше атауға болады. Ғалымдар оны Өлі теңізге теңейді. Ал ауданы 33,6 шаршы шақырым, бұл көлемі жағынан Тувалу, Науру штаттары мен Монако князьдігінен үлкен.

Мыңкесер түбіндегі емдік балшық тері мен тірек-қимыл аппаратының ауруларына, метаболизмнің бұзылуына, сондай-ақ гинекологиялық және жүйке ауруларына көмектеседі деп саналады. Балшық құрамы күкіртсутек, ал су натрий хлоридіне жатады, құрамында йод пен бромның емдік концентрациясы бар.

Мыңкесер көлі сол аттас ауылдан оңтүстікке қарай үш шақырым жерде орналасқан. Петропавлдан көлге автокөлікпен бірнеше сағатта жетуге болады. Мыңкесер атты ауылға кірмей-ақ, элеватордан солға бұрылып, тікелей көлге қарай жүру керек. Көлдің алдында сізді күзетші мен тосқауыл қарсы алады, көлікпен кіру құны мың теңге тұрады.

Саяхаттау - ол да бір жауапкершілік екенін Авиата еске салады. Кейінгі ұрпақтың салауатты өмірі үшін және қайтар жолымыздың тазалығы үшін табиғатты барынша аялайық.

Табиғаттың ертең қандай болары біздің қолымызда. Бастаманы қолдау үшін өзіңіздің "саналы" саяхаттарыңыздан #jasylbolsyn Авиата хэштегімен фотосуреттер мен бейне-видеоларды жүктеуге болады.

TengriTravel

Реклама
Реклама
Лого TengriNews мобильная Лого TengriLife мобильная